Биыл Маңғыстауда заманауи 11 мектеп салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Маңғыстау облысында 11 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов халықпен онлайн кездесуінде айтты.

Ақтау қаласындағы 34 шағын аудан мен «Шығыс-1» шағын ауданында 1200 орындықты құрайтын 2 мектеп алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 5 800 орындық 6 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде. Атап айтқанда, Ақтау қаласының 18, 19А, 31А жаңа шағын аудандарынан әрқайсысы 1200 орындық 3 мектептің құрылысы; Ақтау қаласының 32 а шағын ауданындағы мектеп жанынан 400 орындық қосымша құрылыс; Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылынан 1800 орындық 2 мектептің құрылысы басталады (600 және 1200 орындық).

Атап айтатыны, салынатын мектептің төртеуі өңірде бұрын-соңды болмаған заманауи білім ордалары болады. Озық үлгідегі құралдармен және инновациялық технологиялармен жабдықталады, – деді халықпен онлайн кездескен облыс әкімі.
Сондай-ақ, 2021 жылы облыста 1730 орындық 19 балабақша ашылады деп жоспарлануда.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы