Биыл Маңғыстауда мал шаруашылығы субсидиясына 580 млн теңге бөлінді - өңір әкімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.  

Былтыр өңірде қалыптасқан ауа-райының қолайсыздығына байланысты төрт түлікті жем-шөппен қамту мәселесі туындағаны белгілі.

Биыл көктемде жауын-шашынның түсуіне орай жайылымдық жерлерде шөп шығымы жақсы. Былтыр өңірде орын алған қуаңшылыққа орай, мал азығы бағасын тұрақтандыру үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, халыққа қолжетімді төмен бағада сату жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар осы жылы Үкімет резервінен 664 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 313 шаруа қожалыққа және 2 711-ге жуық жеке қосалқы шаруашылығына барлығы 414 млн теңгеге көмек көрсетілді, - деп атап өтті өңір басшысы. 

Айтуынша, 2021 жылы орын алған жағдайдан кейін биыл 3 жоба іске асырылып отыр. 

Ғылыми негізделген көпжылдық екпелі шөптерді өсіру мен жайылымдарды тиімді пайдалану технологиясын енгізу арқылы 3 инновациялық жоба іске асырылуда. Жаңа технологияларды қолдану арқылы 2 жоба көпжылдық екпелі шөптерді өсіру және 1 жоба геоақпараттық жүйе технологиясын пайдалану арқылы жайылымдардағы су қорын басқаруға қатысты. Аталған жобалар алдағы жылдары өзінің нәтижесін беретіні сөзсіз. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында, биыл субсидиялауға 580 млн теңге қаржы бөлініп, мал азығы құнын арзандатуға 101 шаруа қожалығына 180 млн теңгеге субсидия берілді, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Бұған қоса, инвестициялық субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 88 агроөнеркәсіп кешені субъектісін қаржыландыру жоспарда бар деп отыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы