Биыл қай бағыттағы темір жолдар жөнделетіні белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да контейнерлік транзиттік тасымалдарды дамыту туралы өткен брифингте «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов айтты.
Әлмағамбетов атағандай, биыл «Достық» пен «19 разъезд» арасындағы 25 шақырымдық темір жол құрылысы басталды.Соңғы жылдары контейнерлік транзиттік тасымалдау саласында тұрақты өсім бар. Бұл салада қозғаушы күш – Қытай. Қытайға контейнерлік тарнзит пен сол жақтан келетін жүк қарқыны жыл санап артып жатыр. Қажеттілік бар, ол соңғы жылдары артып отыр, - деді ол.
Бұл - пойыз жүретін ең тар орындардың бірі. «Достыққа» пойызбен кіру және өте күрделі. Сондықтан биыл компания өз қаржысына осы құрылысты бастады. Онда қосымша 3 жол салынады. Екінші жолды биыл пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Келер жылдың басында автокедергіні іске қосу жоспарланған. Ендігі жылы «Балқаш-Саяқ» бағытындағы учаскедегі тар жолдарды кеңейтуге кірісеміз. Бюджеттен қаражат бөлінсе, «Достықтан» «Мойынтыға» дейінгі 833 шақырымды жөндеуге тендер жариялаймыз. Егер де қаражат бөлінбесе, компания өз қаражатына екіжолақты жолдың құрылысын жалғастырады, - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы өте жоғары.
Былтыр оның көлемі 21 млн-ды, биыл 25 млн-ды жүзеге асыру көзделіп отыр. Контейнерлік тасымалдау басым болып отыр. Экспорт саласында да жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді ол.