Биыл картоп қымбаттамайды – Ауыл шаруашылығы министрі

Үкіметте өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елдегі картоп бағасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер министрден: «Былтыр картоп бағасы күрт қымбаттап кеткен еді. Биыл да осындай жағдай қайталануы мүмкін бе?» деп сұрады.

Министрдің айтуынша, 2024 жылы бағаның өсуіне көрші елдерден артқан сұраныс себеп болған.

Иә, былтыр картоп бағасы айтарлықтай өсті, себебі көрші мемлекеттерде сұраныс артты. Біз 2,6 млн тонна картоп жинап, оның 600 мың тоннасын экспорттадық. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Сол себепті де баға көтерілді, – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Ол биыл жағдай өзгеше деп отыр. Оған себеп – картоп егілетін алқап көлемі ұлғайтылған.

Биыл 2,7 млн тонна өнім алуды болжап отырмыз. Қазірдің өзінде 1,8 млн тонна жиналды. Фермерлердің алқаптан сату бағасы – килограмына 80–120 теңге. Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, Тұрақтандыру қорына сатып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ сауда үйлеріне картопты қыс түскенде емес, қазірден бастап келісімшартпен бекіту қажеттігін ескерттік. Былтыр мұндай жұмыс жүргізілмеген еді. Ал қазір екі министрлік бірігіп, кім қанша және қандай бағада сататыны жөнінде толық ақпарат беріп отыр. Егер осы шаралар дер кезінде іске асса, өткен жылғыдай проблема қайталанбайды деп ойлаймын, – деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы