Биыл елордалық 25 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құжаттарды қабылдау 20 тамызға дейін жүргізіледі деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа оқу жылында елордада бірінші сыныпқа 25 мыңнан астам оқушы қабылданады. Құжаттарды қабылдау egov.kz электронды үкімет порталы арқылы және қағаз форматта жүргізіледі.

Бүгінгі таңда бірінші сыныпқа 21 406 өтініш беріліп, 16 123 өтініш қабылданды деп хабарлайды Білім басқармасы.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап барлық елордалық мектептер (1-11 сыныптарда) мен колледждерде оқу жылы қашықтан басталады.

Бұл ретте бастауыш сынып оқушылары үшін (1-ден 4-ке дейін) "кезекші сыныптардың" жұмыс істеуі жоспарланып отыр. Яғни, ата-аналардың өтініші бойынша, қатаң санитария нормаларын сақтай отырып, "кезекші сыныптар" ашылады. Оқыту бірнеше ауысыммен ұйымдастырылады.

 

Сыныптар кіші топтарға бөлініп жинақталады. Осы кіші топтардағы балалар саны 10-15 адамнан аспайды деп жоспарлануда. Сабақтар бір кабинетте өтеді, үзіліс түрлі уақытта болады. Сонымен қатар, пәндердің бір бөлігі қашықтан жүргізіледі, – деп атап өтті Білім басқармасы өкілдері.
 

Бұл ретте барлық санитария нормалары қатаң сақталады.

 

Бұған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда 12 мыңнан астам педагог (мектеп, колледж, балабақша тәрбиешілері) қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша онлайн-курстардан өткен. Балалар, ата-аналар және балабақша қызметкерлері үшін жұмыс алгоритмдері жасалды. Барлық нысандар санитарлық талаптарға сәйкес дайындалған.


 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы