Биыл елордаға 400 автобус әкелінеді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл жаңадан ашылатын көпір мен жөндеуден өтетін көшелер туралы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қала әкімі жол инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлінетінін айтты. Осыған орай бас қаладағы 300 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар биыл қалаға 400 автобус жеткізу жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі шілде айынан бастап әкелінеді.

Қала жолдарындағы көлік ағынын сейілту үшін биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді, сол сияқты сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар барлық ауданда жол жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Биыл ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз.
Мәселен, олар Ғұмар Қараш, Қордай, Бурабай, Белжайлау көшелері, Кенесары көшесінің Ғабдуллин көшесінен Республика даңғылына дейінгі аралығы, Уәлиханов көшесінің Кравцова көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейінгі аралығы, Тәшенов көшесінің Республика даңғылынан Амман көшесіне дейінгі тұсы, Иманбаева көшесінің Иманов көшесінен Кенесарыға дейінгі аумағы, Әл-Фараби даңғылының Алаш тасжолынан Пушкин көшесіне дейінгі жері, Жеңіс даңғылының Бөгенбай батыр тұсынан Кенесары көшесіне дейінгі аралығы, Еңбекшілер көшесінің құрылысы Ұлы дала даңғылынан Бұқар Жырау көшесіне дейінгі тұсы, Рысқұлов көшесінің Мәңгілік ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі аралығы, Сарыарқа, Р.Қошқарбаев даңғылдары және т.б. Биыл шамамен 300 көше жөндеуден өтеді, – деп жазды елорда әкімі.

  

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы