Биыл елордада пилоттық режимде 5G желісін іске қосу жоспарланған

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. Интернеттің қолжетімді болуы – елдің цифрлық дамуындағы стратегиялық маңызды мәселе. Бұл, әсіресе, өткен жылы коронавирус пандемиясы әлемді онлайн режиміне көшуге мәжбүр еткен кезде өзекті болды.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ең алдымен цифрлық теңсіздікті жою, интернетке барынша қолжетімділікті және барлық азаматтардың сапалы байланысқа қосылуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек айтып берді.

 — Асхат Елубайұлы, қош келдіңіз! Электрондық форматқа көшу кезінде сіздің ведомствоңыз қандай қиындықтарға тап болды? Халықтың қашықтан өмір сүру жағдайында қандай әзірлемелер өздерін ақтады? 

— Пандемиядан бірнеше жыл бұрын біздің министрлік ауылдық елді мекендерде интернетті кең жолақты қолжетімді ету жобаларына бастамашылық етті.  Азаматтар сапалы интернеттің, соның ішінде білім беру мазмұнына қол жетімділіктің болмауы проблемасына тап болды. Өткен 2 жыл ішінде оптикалық байланыс желілеріне 1257 елді мекен қосылды. 

Сонымен қатар 250-ден астам тұрғыны бар барлық елді мекендер мобильді кеңжолақты интернетпен қамтылды. Мемлекеттік қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор, жеке корпорациялар қызметкерлерінің шамамен 70-80%-ы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. 

Өткен жылдың наурызына қарай сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің тізілімінде отандық VPN өнімі болды, ол бізге орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерін құжаттарға қол қойып, келісіп, өзара іс-қимыл жасай алатындай толыққанды қашықтан жұмыс істеуге көшіруге мүмкіндік берді. Бұл мұндай жұмыс бұған дейін жүргізілгенінің арқасында жүзеге асты.  

 — Талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу және ауылдық елді мекендерде интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша аяқталған жобалар туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 — 2020 жылдың соңындағы жағдай бойынша 6 500-ге жуық елді мекеннің 5 322-сі интернетпен қамтылған. Мен бұған дейін 1 257 елді мекенге оптикалық талшық тартылғанын айттым. Сонымен қатар ол негізгі жергілікті ұйымдарға – әкімдіктерге, мектептерге, ауруханаларға жеткізілді. Бұл жұмыс өткен жылы аяқталды. Егер осы уақытқа дейін оптика 300-ге жуық елді мекенге жүргізілген болса, 2018-2020 жылдары біз оптикалық байланыс арнасы жүргізілген елді мекендердің санын 4 есеге дейін ұлғайттық. Екінші үлкен жоба — халық саны 250 адамнан асатын 928 елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету. 

Айта кетейік, жоба бар болғаны 1 жылға созылды. Негізгі жұмыс соңғы айларда аяқталды, біздің негізгі мобильді операторларымыз жабдықтарды сатып алды, желілер салды, жыл соңында базалық станцияларды орната бастады.  Жалпы, осы 2 жоба елеулі нәтиже берді — 20 мың шақырым оптика елде ауылдық елді мекендерге дейін салынды. Осының арқасында халықтың 99%-ы мобильді кең жолақты интернет қызметін пайдалана алады.   

— Ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін операторларға инвестиция салу қаншалықты тиімді? 

— Бұл жерде біздің ел аумағының үлкен, ал адамдардың соншалықты көп емес екенін түсіну керек. Елді мекендердің осындай шашыраңқы орналасуы коммерциялық қызметті байланыс операторлары үшін экономикалық жағынан тартымды етпейді. Сондықтан біз операторлармен ауылдық аумақтарды дамытуға салатын күрделі қаржы салымдарын субсидиялау тұрғысынан жұмыс істейміз.  

 — Интернет сапасын арттыру, әсіресе, оқушылар мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты аса өзекті болып отыр. Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан сапалы интернет пен байланыс желісі болуы керек. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жоғары жылдамдықты интернетке сапалы қолжетімділікті жақсарту үшін қандай шаралар қабылдануда? 

— Көппәтерлі тұрғын үйлерге келер болсақ, біз өз ұсыныстарымызды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдадық. Олар көппәтерлі тұрғын үйлер құрылыс кезеңінде оптика және ішкі кабельдік сымдармен қамтамасыз етілуі керек деген тиісті бұйрықты бекітті. 

Жақында премьер-министрдің орынбасары Әлихан Смайыловпен білім беру, оның ішінде интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша өткен кеңесте біз мектептерді салу немесе жаңғырту процесінде құрылысшылар мектептерге талшықты-оптикалық желіні және ішкі кабельді міндетті түрде төсейтін тәсілді ұсындық. Вице-премьер тиісті талаптарды әзірлеуді тапсырды, біз оны іс жүзінде жасадық және қазір оларды ҚР ИИДМ-ге, ҚР БҒМ-ге жолдап жатырмыз. Жақын арада бұл нормалар қабылданып, мектептер тұрақты негізде интернетке қосылу үшін барлық қажеттіліктермен жарақталуы тиіс деп ойлаймын.   

— Министрлік қызметінің маңызды бағыттарының бірі – байланыс қызметтерінің сапасын бақылау. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? 

— Бізде байланыс инспекциялары, ведомстволық бағынысты кәсіпорындар бар. Азаматтар өтініш білдірген жағдайда, біз оларды ақауларды жою үшін операторларға береміз. Егер ақаулар жойылмаса, біз айыппұл саламыз, бірақ қазір басқа да құралдар бар. Мәселен, «Bailanys.bar» сервисі әр азаматқа ұялы телефон арқылы интернетке қосылымды тексеруге және жұмыстағы қателіктер туралы хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Бұл өте ыңғайлы, өйткені біз ақаулар туралы тікелей азаматтардың өздерінен біліп отырамыз.  

 — Жоғарыда атап өткендей, халықтық бақылауды жүргізу үшін Bailanys.bar сервисі іске қосылды. Қазіргі уақытта оны 50 мыңнан астам адам пайдаланған. Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді, ол сіздердің жұмыстарыңызға қалай әсер етеді? Реттеушінің рөлін күшейту үшін қандай іс-шаралар жүргізіледі? 

— Қазірдің өзінде 57 мыңнан астам осындай тест жасалды. Барлық өтініштер бізге және байланыс операторына тікелей келіп түсетіні ыңғайлы. Байланыс операторы бұл хабарламаны жедел өңдей алады. Яғни, біз бір уақытта өлшем болғанын және ол сапасыз байланысты көрсетіп тұрғанын көре аламыз. Біз оны ресми түрде өтініш ретінде тіркейміз. Егер шынымен ол жерде жақсы көрсеткіштер болмаса, біз өз қызметтерімізді, МРҚ РМК қызметкерлерін жібереміз және байланыс сапасын тексереміз. Бұл бізге нақты көріністі тереңірек көруге жол ашты. Азаматтардың мұндай көмегі бізге проблемаларды көруге мүмкіндік береді. Яғни, біз пайдаланушылардың объективті бағалауы арқылы проблемаларды табамыз.   

— Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап қызметтеріне бағалардың шекті деңгейі қалай реттеледі? 

— Осыған дейін айтқанымдай, ауылда операторларға қатысу нүктелерінің болуы, белсенді жұмыс істеу аса тиімді емес, сондықтан біз олардың қызметтеріне субсидия береміз. Бұл қажетті жұмыс және біз осы субсидияларды әрі қарай да бөле береміз. Бұл цифрлық теңсіздікті жою құралдарының бірі. Біздің мақсатымыз – тіпті еліміздің ең шалғай жерлерінде де азаматтарға белгіленген ұялы байланысты, интернетті қолжетімді ету.  

 — 5G желісіне көшу туралы айтып берсеңіз? Дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? 

 — Жалпы бізде дайындық бар, операторлар да дайын. Біз қазір жиіліктерді босаттық. Биыл елордада пилоттық режимде 5G желісін іске қосу жоспарда бар. 2022 жылдың соңына қарай 5G желісін республикалық маңызы бар қалаларда іске қосуды жоспарлап отырмыз. 2025 жылға қарай барлық облыс орталықтарын қамту көзделген. Біз өз тарапымыздан 5G үшін жиіліктерді конкурстар немесе аукциондар арқылы бөлуге мүмкіндік беретін заң жобасын іске қостық, бұл нарықты айтарлықтай ырықтандырады және бәсекелес негізде операторларға осы жиіліктерді өзара алып, оларды пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жиілік латифундизмі бойынша күрес нормалары бар — яғни, біреу жиілікті сатып алады, ол үшін ақша төлейді, бірақ оны пайдаланбайды. Ал жиіліктер – таусылатын ресурс. Нормалардың бірі жиілікті алып, оны 2 жыл бойы пайдаланбаса, біздің оны қолданыстан шығаруымызды болжайды. Операторлар бұл желілерді тиімді пайдаланады деп ойлаймыз.  

 — Сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Дереккөз: Рrimeminister.kz


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы