Биыл Нұр-Сұлтанда 1500 адамға тұрғын үй сертификаты беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алтай Көлгінов мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес астаналықтарды баспанамен қамту жұмысы қалай жүзеге асатынын айтып берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Арнайы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бас қаладағы ең негізгі әлеуметтік мәселелердің бірі - баспана. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 46 829 адам тұр. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3 501. Мемлекет бір мезетте барлығына бірдей баспана бере алмайды. Бірақ, біздің қолымызда басқа да тұрмыстық мәселелерді шешетін мүмкіндіктер бар», - деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, қала басшысы елордалықтарды баспанамен қамту шаралары «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да жалғасатынын айтып өтті.
«Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды. Бұл жұмыстар әлі да жалғасады. Одан бөлек, коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і арендалық негізде беріледі. Оның 233-іне көпбалалы отбасылар иелік ететін болады. Биыл барлығы 1500 тұрғын үй сертикатын беру жоспарлануда. Оның 1 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға берілсе, 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және полиция департаментінің қызметкерлеріне беріледі», - деді қала әкімі.