Биыл елімізде жүк тасымалдау көлемі артып, 70,8 млн тоннаға жеткен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады.
Бүгінде көлік сапасы оң динамикасын көрсетуде. Жүк тасымалы көлемі артып келеді. Биыл қаңтар, ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда теміржол көлігімен жүк тасымалы 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады. Транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тонна болды. Контейнерлермен тасымал 12%-ға артып, 174,7 мың жиырма футтық баламаға жетті, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол 2022 жылы алда қандай міндеттер тұрғанын айтты.
Биыл алдымызда теміржолмен жүк тасымалы көлемін 420 млн тоннаға, транзит тасымалдарды 24,5 млн тоннаға және контейнерлер транзитін 1 100 мың жиырма футтық баламаға дейін жеткізу міндеті тұр. Бүгінде транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы теміржол көлігімен тасымалданады. Жалпы, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасында айқындалған, - деді министр.