Биыл елімізде студенттерге арналған мүфтият жатақханалары ашылады
Биыл елімізде студенттерге арналған мүфтият жатақханалары ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы бүгін елордада өткен төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.
Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы бастама көтеріп отырмыз. Мақсатымыз – болашақ дін мамандарын ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, қоғамшыл, мемлекетшіл болуға баулу.Алла қаласа, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталығынан қайырымдылық негізінде студенттерге арналған мүфтият жатақханаларын ашсақ деген жоспарымыз бар, - деп айтты Бас мүфти жиында.
Сонымен қатар ҚМДБ былтыр бес томдық «Ислам энциклопедиясы» ғылыми жобасын әзірлеуді қолға алған.
Енді бүгінгі таңда осы жобаға 70-ке жуық дін, тарих, әдебиет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысып жатыр. Биыл «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, - деп түсіндірді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Онымен қоса Бейбарыс сұлтан бабамыздың 800 жылдық мерейтойына орай Нұр-Мүбарак университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл – осы жылы қолға алған игі бастамаларымыздың бір парасы.