Биыл елімізде 90,5 млн тонна мұнай өндірілмек
Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл мұнай өндіру көлемін 90 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Бәрімізге мәлім, 2022 жылы геосаяси тұрақсыздыққа байланысты отын-энергетикалық кешенінің жүйелік мәселелері сын сағатта сыр берді. Оның шешімі жалпы, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне әсер етеді. Осы тұрғыдан Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын және сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында министрлік бірқатар тапсырма мен міндетті қолға алды, - деді Болат Ақшолақов Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның мәлімдеуінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі - 84,2 млн тоннаны, мұнай экспорты - 64,3 млн тоннаға жетті.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр көмірсутек шикізатын өндірумен экспорттауға бірқатар фактор, соның ішінде өндірістік факторлар әсер етті. Бұл - Қашаған кен орнындағы жоспардан тыс жөндеулерге, Қарашығанақ мұнай-газ конденсатын өндіруге әсер еткен Орынбар газ өңдеу зауытының тоқтауына, сондай-ақ Каспий құбыр Концорцумдағы жөндеу жұмыстарына байланысты, - деп мәлімдеді министр.
Ақшолақов 2023 жылы мұнай өндіруді 90,5 млн тоннаға, мұнай экспортын 71 млн тонна деңгейінде қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.
Мұнай айналымын бақылау мақсатында мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бүгінгі таңда мұнай айналымының 95 пайызын бақылауға мүмккіндік беріп отыр, - деп қосты ол.