Биыл елімізде 120 млн тонна көмір өндіру жоспарланған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің көмір өндіруші компаниялары осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 18,3 млн тонна көмір өндірді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 10,4 млн тонна көмір жөнелтілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға  936,8 мың тонна көмір жеткізілді, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Ал, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 1,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Сонымен қатар экспортқа 4,6 млн тонна көмір жіберілді.

Көмір энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей шарт бойынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберіледі. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайына байланысты тоннасына 3-6 мың теңге), тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдалдық ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.

Елімізде көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында өткен жылы "Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы" бекітілді, сондай-ақ "2019-2020 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары" жасалды. 2020 жылғы 20 наурыздағы жағдай бойынша жылдық жоспарға (2019 жылғы 1 мамырдан бастап 2020 жылғы сәуірге дейін) сәйкес көмір қорымен қамтамасыз ету 99,7%-ды құрайды, - делінген ақпаратта.

Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақтан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктері халық үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.

Айта кету керек , Қазақстанда 2020 жылы 120 млн тонна көмір өндіру жоспарланған. Осылайша елдің ішкі нарығына 82 млн тонна, экспортқа 38 млн тонна көмір жеткізілетін болады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы