Биыл елімізде 11 млн тонна бидай жиналды
Бұл туралы үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң – 24,0 млн гектар. (бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп). Оның ішінде астық жиналатын алаң - 17,1 млн гектар. Биыл егін жинау науқанына шамамен 150,0 мың бірлік трактор, 39,0 мың астық жинайтын комбайн, 14,0 мың орақ және 140,0 мың бірлік басқа техника қатысты, – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау аяқталу сатысында.
Облыстар әкімдіктерінің деректері бойынша орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай (өнімділік 8,6 ц/га).
Егер дақылдар бөлінісінде қарасақ, бидай жиналатын алаң 13,4 млн гектар, өнімділігі 8,6 ц/га, 11,4 млн тонна бастырылды. Майлы дақылдар 1,9 млн гектар немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна бастырылды. Картоп 168,8 мың га аумақтан толығымен алынып тасталды, жалпы алым өнімділігі 206,4 ц/га болып, 3,5 млн тоннаға жетті, – деді Сапаров.