Биыл елімізде 11 бағыт бойынша автожол қозғалысы ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы кезінде Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты. Оның айтуынша, биылғы жылы Үкімет инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда.

Соның аясында жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым жер қамтылған. Оның ішінде, республикалық торапта – 5 мың шақырым болса, оның 3,4 мың шақырымы жергілікті тораптағы жолдар мен көшелерге тиесілі.

8 бағыттағы автожолдарды пайдалануға беру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Негізгі бағыттар бұл: Талдықорған-Өскемен, Қарағанды-Балқаш, Балқаш-Қапшағай, Қандыағаш-Мақат-Атырау, Мерке-Бурылбайтал болып табылады, - деді Үкімет басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ 11 бағыт бойынша автожолдар қозғалысын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл: Қалбатау – Майқапшағай, Балқаш – Бурылтай – Құрты, Атырау – Астрахань, Үшарал – Достық, Қостанай – Денисов және т.б. Жолдың сапасын қамтамасыз ету үшін 5,8 мың шақырым қайта жаңғыртылған жолдарды ақылы өту жоспарда. Осылайша, шығынды толықтай өтеп, республикалық бюджетке жүктемені төмендету көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 480 ауыл жаңғыртылатынын айтқан болатын. Жобалардың басым көпшілігі Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізіледі деп жоспарланған. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы