"Еңбек" бағдарламасы: Биыл СҚО тұрғындарына 2,5 млрд теңгеден астам қаржы беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017-жылдан бері "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Биылдың өзінде мыңнан астам кәсіпкер несие алып үлгерді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
СҚО Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұратын тігін цехі бар жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова киім қысқартудан бастап мектеп формасына дейін тігеді. 2010-жылдан бері "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламалар арқылы Қордан төрт рет несие алып, бизнесін кеңейткен. Қазіргі уақытта 6 адамға жұмыс беріп отыр.
"Қазір еңбек етемін деген адамға мемлекет қолдау көрсетеді. Оны тек тиімді пайдалану керек. Мен осы кәсіппен айналысқалы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан төрт рет несие алдым. Соның арқасында тігін цехымды кеңейттім, айналым капиталымды толықтырдым. Жұмысым ойдағыдай жүріп жатыр", - дейді кәсіпкер Бақыт Сейілова.
Осы ауылда тұратын жеке кәсіпкер Кеңес Кукиев жылқы шаруашылығымен айналысады. Ол да 2014 және 2019 жылдары "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының СҚО филиалынан екі рет несие алып, шаруашылығын одан әрі дамытқан. Бүгінгі таңда отыз бие сауып отырған кәсіпкер қымыз дайындап сатады. Шаруашылықта 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауылда тұрған соң малдың игілігін көру керек деп есептеймін. Оңай олжа жоқ. Бәрі еңбекпен келеді. Жылқы бағудың да өзіндік қиындықтары бар. Ұқсата білсең, соған орай табысын да көруге болады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан екі рет несие алып, жылқы басын көбейттім, сауын биелерімнің санын арттырдым. Қымыз ашытып сатамыз. Табысымыз жақсы. Үш адамға жұмыс беріп отырмын, - дейді Кеңес Кукиев.
Солтүстік Қазақстан облысы мал шаруашылығына қолайлы аймақ. Жері кең, шөбі шүйгін, суы мөлдір. Сондықтан болар, Қордан несие алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Соның ішінде жылқы өсіруді қолға алған шаруалар көп.
Биыл біздің филиалға "Еңбек" бағдарламасы бойынша 2,28 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда оның 1 млрд теңгеден астамы игеріліп, 286 жоба қаржыландырылды. Жалпы, биыл жыл соңына дейін 529 кәсіпкерге несие беруді жоспарлап отырмыз, - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ СҚО филиалының директоры Абылай Нұркенов.
Қор өзінің несие өнімдері арқылы ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын түрлі мақсатты бағыттар бойынша қаржыландырады. Нақты айтар болсақ, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобалары бар.
4-6-12 млн теңгеге дейінгі несие 6,5 жылға 6 процентпен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшері 6,7 проценттен аспайды. Айта кету керек, аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелеріне 4 процентпен берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшері 4,7 проценттен аспайды. Бір жылға дейінгі жеңілдік мерзімі де қарастырылған.