Биыл бітіру кешін өткізуге рұқсат беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова түлектердің мектеп бітіру кеші міндетті түрде мектеп қабырғасында өткізілуі керегін айтты.
БҒМ өкілі атап өткендей, оқу жылының аяқталуына арналған соңғы қоңырау мерекесі 2022 жылдың 25 мамырында және мектеп бітіруші түлектерге аттестат беруге арналған салтанатты іс-шара 16-17 маусым күндері өтеді.
Мектеп бітіру іс-шараларына мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, қамқоршылық кеңес мүшелері, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармаларының, білім бөлімдерінің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады, - деп айтты Кәрімова.
Оның айтуынша, мектеп бітіру іс-шаралары міндетті түрде мектеп қабырғасында және мектеп ауласында өткізіледі.
Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылар және балаларға көмек көрсету бойынша түлектердің «Балаларға мейірімді жүректен», «Туған елге тағзым» қайырымдылық бастамаларына, «Мектепке сый», ағаш отырғызу, «Кітап сыйла мектепке», «Алғашқы ұстазыма алғыс» сияқты акцияларға қолдау көрсетіледі.
Педагогикалық этика және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мектеп бітіру іс-шараларына дайындық барысында әрбір түлекке жеке көзқарас қағидаларын сақтауды ұсынамыз. Мектептің қамқоршылық кеңесінен түлектердің ата-аналарына сәнді киім алуға немесе басқа да қажетсіз шығындарды болдырмау туралы түсіндіру жұмысын жүргізулерін сұраймыз. Одан бөлек, мектеп бітіру іс-шараларын өткізуде аниматорлар, мерекелік агенттіктер, жеке студияларды тартуға, салтанатты дастархан ұйымдастыруға, жалға кқлік түрлерін алуға, әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтарға ақшалай қаражат жинауға, мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа көңіл көтеретін орындарда өткізуге рұқсат етілмейді, - деп толықтырды ол.