Биыл "Балдәуренде" мыңнан аса бала демалады
Өткен жексенбіде Қарулы күштер әскери қызметшілерінің балалары Түркістан, Щучинск және Балқаш қалаларындағы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының (РОСО) филиалдарына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бүгін Ақтаудан әскери-көліктік ұшақпен келген оқушылар Қонаев қаласындағы республикалық орталыққа орналасты.
Бұл - Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың осы жылдың қаңтар айында өткен кездесуі кезінде қол жеткізілген уағдаластықтың нәтижесінде іске асырылып жатыр.
Оның қорытындысы бойынша жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдірудің бірлескен жоспары әзірленіп, бекітілді. "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында әскери қызметшілер мен Қарулы күштер қызметшілерінің балаларына квота бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Демалысқа бірінші кезекте шалғайдағы гарнизондарда әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың, толық емес және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар жіберілді. Олар орталықта 21 күн болады. Бұл ретте мәдени-демалыс және сауықтыру іс-шараларынан басқа балалар мектеп бағдарламасының пәндері бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде сабақ оқиды, - делінген хабарламада.
2024 жылы "Балдәурен" орталығының филиалдарында мыңнан астам бала демалады.
Министрліктердің бірлескен жоспарында "Балдәурен" РОСО ведомстволық тиесілілігіне, штат кестесіне, "Алтын емел" кешенінің инфрақұрылымын жетілдіруге, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, спорт қалашығын салуға және аудитория жабдықтауға қатысты бірқатар ұйымдастыру іс-шараларын өткізу көзделгенін атап өткен жөн.
Мұндай ынтымақтастық әскерге шақырылғанға дейінгі жастармен жұмыс істеуге бағытталған. Әскери істің негіздерін үйренуден практикалық сабақтарды қамтитын тиісті оқу бағдарламасы да енгізілуде.
"Жас сарбаз", "Смарт сарбаз" сыныптары ашылады, басқа да іс-шаралар жоспарланып отыр. Әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері үшін бірыңғай нысанды енгізу мәселесі жуырда шешіледі.
Осы іс-шаралардың барлығы 2030 жылға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасын іске асыруға қызмет етеді.