Биыл - балалар жылы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде "Балалар жылы" деп жариялады. Бұл туралы ол Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтау сөзінде айтты.

Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын,  нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент балаларға ерекше назар аудару керектігін айтты.

Олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сондықтан да келесі жылды "Балалар жылы" деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Ең алдымен, билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы