Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдени күндері өткізілуі мүмкін

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиевамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар ежелгі түркі жазуларына арналған көрме ұйымдастыру мәселесін талқылады.

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Гюнай Эфендиевамен кездесіп, бірлескен мәдени іс-шараларды өткізуді талқыладық. Бауырлас мемлекеттердің басшылары осы саладағы ынтымақтастықты күшейтуді қолдайды. Қазір ежелгі түркі жазуларына арналған көрме ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл біздің ортақ мәдениетіміз туралы тереңірек білуге және түркі өркениетінің бай тарихына қызығушылықпен қарайтындарды онымен таныстыруға жақсы мүмкіндік, - деді Оралов.

Министрдің сөзінше, биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдени күндерін өткізу жоспарда бар.

Гюнай Эфендиева Әзербайжанда дайындалып жатқан, Қазақстанға тікелей қатысы бар іс-шаралар туралы да айтып берді. Мәселен, биыл тамыз айында Әзірбайжан әдебиетшілерінің Абай туралы еңбектерін қамтитын кітаптың тұсаукесері жоспарланған. Ал осы айда Жамбыл Жабаев бейнеленген пошта маркасын шығару жоспарда тұр. Сонымен қатар, Әзербайжан тарапы тамыз айына жоспарланған халықаралық қолөнершілер фестиваліне қатысуға шақыруымызды қабыл алды. Сондай-ақ біздің әзербайжандық әріптестеріміз Қазақстандағы тарихи-мәдени жобаларды қаржыландыруға және ұйымдастыруға көмектесуге дайын. Біз Әзербайжанмен және басқа түркі елдерімен Түркі мемлекеттерінің ұйымы, ТҮРКСОЙ және басқа да бағыттар бойынша мәдени байланыстарды нығайтуға ниеттіміз. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдени күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің әртістер мен шығармашылық ұжымдар бұл іс-шараны асыға күтеді. Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында бар күшімізді саламыз, - деп түйіндеді министрлік басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы