Биыл ауылдарды 96,3 пайызға ауыз сумен қамту көзделген - министр

Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда 98,8 пайызға және ауылдарда 96,3 пайызға қамтамасыз ету жоспарлануда.

Қойылған міндетті уақтылы және сапалы орындау үшін республикадағы әрбір елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша кезеңдік жоспар әзірленді. Әрбір қалалық және ауылдық елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын жүргізу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарының іске асыру барысы бойынша мониторинг жүргізілуде, - деді министр.

Ол 89 қалалық елді мекеннің 64-ті 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін (оның ішінде ағымдағы жылы 4 қала: Шымкент, Талғар, Өскемен және Шемонаиха) кезеңдік жоспар аясында қамтамасыз етілетін болады. Қалалық елді мекендерде халық санының өсуін ескере отырып және сумен жабдықтау бойынша сапалы қызметтер көрсету үшін біз республикалық су тазарту құрылыстарының қуатын ұлғайту, магистральдық су құбырларын кеңейту және су бұру жүйелерін дамыту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, - деді ведомство басшысы. 

Еске сала кетейік, осыған дейін елімізде ауыз сумен аз қамтылған қалалар мен ауылдар туралы айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: primeminister.kz
Өзгелердің жаңалығы