Биыл ауыл тұрғындарын кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжілістің жалпы отырысында айтты.
1,5 млн ауыл халқы медициналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл мәселені шешу үшін қала мен ауыл тұрғындары арасындағы медициналық көмекке қол жетімділік теңсіздігін қысқарту мақсаты тұр. Сол үшін биыл ауыл тұрғындарын, оның ішінде бірінші кезекте балаларды кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады, - деді Тоғжанов.
Ол атағандай, 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 420 медициналық мекеме салу, ауылдық дәріхана пункттерін құру жүзеге асырылады.
Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін нақты шешу мақсатында 20 ауданаралық перзентхана, 17 диагностикалық орталық ашылады. Кадр тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлердің орта медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша гранттар саны 43%-ға ұлғайтылды және медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру көзделіп отыр, - деді Ералы Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары атап өткендей, осы шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерді консультациялық-диагностикалық көмекпен қамту 47 ден 100%-ға дейін жеткізіледі.