Биыл Атырауда 3 мыңнан аса студент ЖОО бітіреді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде түлектердің білім беру ұйымдарында алған кәсібі бойынша бірден жұмысқа орналасуы мақсатында "жастар практикасы" қарастырылған, деп хабарлады Атырау облыстық  коммуникациялар қызметі.

Мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесінен өтуге жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген кез-келген жас түлек өтініш бере алады. 

Сәйкесінше, биыл облыстағы 3 жоғары оқу орнын үш мыңнан аса студент тәмамдамақ. Түлектер 11 факультетте  79 мамандық бойынша білім алған.  

"Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың" үшінші бағыты шеңберінде жүзеге асатын "жастар практикасына" биыл 1140 адамды жіберу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай іс-тәжірбиелік шаралар жастардың қабілетін шыңдап, алға бағыттайды.

"Жастар практикасына" жолдама алу үшін міндетті түрде тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыссыздық есебіне тіркелу қажет. Өздерімен бірге, жеке куәлігі мен білімі туралы құжат болуы шарт. Кейін біз олардың білім беру ұйымдарында алған кәсібіне сәйкес, мекемелерге жұмысқа орналастырамыз, - деп түсіндірді  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік көмек басқармасы.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан жастардың ішінен 240 жас жастар практикасына жіберілді. Өткен жылы мұндай шаралармен 1325 адам жолдама алып, олардың 60 пайызы тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Бұл аталмыш жобаның өңірде оң нәтиже беруінің көрінісі. 

Айта кетейік, өңірде үш жоғары оқу орнынан бөлек, 8 жекеменшік, 17 мемлекеттік колледж бар. Биыл сол 25 орта кәсіптік оқу орнын 4 мыңнан астам студент тәмамдамақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы