1 Қыркүйек 2026, 18:38 Фото: Атырау облысы әкімдігі

Биыл Атырау облысында 15 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

1 қыркүйекте аталып өтетін Білім күнінде Атырау облысының шәкірттері жаңа оқу жылын қуана қарсы алды. Өңір басшысы Болат Ақшолақов өзі білім алған №14 А.Чехов атындағы жалпы білім беретін орта мектепке барып, ұстаздар мен оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтады. 

– Бүгін өзім оқыған мектепке келіп, сонау оқушы кезімді,  достарымды, ұстаздарым мен сыныптастарымды еске алып, қуанып тұрмын. Қымбатты балалар, мектеп — сіздер үшін тек білім алатын жер емес, өмір бойы сенімді серік болатын алғашқы достарды да осы жерден табуыңыз мүмкін. Дәл осы жерде сіздің мінез-құлқыңыз қалыптасады, білім бен жетістіктердің іргесі де осында қаланады. Сіздер қазір қалай оқысаңыздар, болашағаңыз да көбіне соған байланысты болады. Бүгін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерді айрықша құттықтаймын. Бірінші сынып  — мектеп өмірінің алғашқы баспалдағы. Сіздердің жауапкершілігі мол, еліміздің дамуына зор үлес қосатын азамат болып өсулеріңізге тілектеспін. Ал осы оқу жылында мектеп бітіретін түлектерге осынау кезеңге асқан жауапкершілікпен қараңыздар демекпін, өйткені бұл жылдың сіздер үшін маңызы зор. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! – деді облыс әкімі.

А. Чехов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп 1960 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 421 оқушы білім алып, 45 мұғалім еңбек етеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Атырау облысында жеті жаңа мектеп пайдалануға берілді: Дамбы ауылында 300 орындық, Көктем-2 және Еркінқала-2 шағынаудандарында 600 орындық мектептер, 4 мың оқушыға арналған Caspian BINOM School. Ал үш мектеп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Келешек мектептері” ұлттық жобасы аясында Жылыой және Құрманғазы аудандарында бой көтерді.

Биыл Атырау облысында 15 мыңға жуық бүлдіршін 1-сыныпқа барды. Өңір мектептерінде барлығы 155 500 шәкірт білім алады.