Биыл Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар 53 шақырым жол жөнделді
Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр депутаттардың сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл Ақтөбе облысы бойынша орташа жөндеумен республикалық маңызы бар 53 шақырым автожол қамтылды. Бұл ретте, «Қандығаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолының (239-249 км, 249-259 км және 391-401 км) учаскелерінде жалпы ұзындығы 30 км орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 10 шақырымы биыл аяқталды, - деді Скляр.
Сонымен қатар ұзындығы 75 км осы автожолдың (164-239 км) учаскелеріне орташа жөндеу жүргізуге техникалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Сөзінше, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қаржыландыру 2024 жылға арналған республикалық бюджет жобасында көзделген. Оған 5 млрд теңге бөлінбек.
Өз кезегінде, еліміздің барлық өңірінде автожолдарды салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша толық ауқымды жұмыстарды жүргізіліп жатқанына, сондай-ақ бюджет қаражатының шектеулілігіне байланысты барлық жобаны бір мезгілде іске асыру мүмкін еместігін атап өтемін. Осыған байланысты, ұзындығы 96 км Қандығаш-Ембі автомобиль жолының учаскесінде орташа жөндеуді қаржыландыру мәселесі 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қаралады, - делінген Склярдың ресми жауабында.