Биыл Ақтөбе облысында қанша бала лагерьге барады?

Ақтөбе облысында 156 мың оқушы жазғы демалысын лагерьде өткізетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл жаздың шуақты күндерімен бірге облыстағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Қазір ақтөбелік өрендер қала сыртындағы, мектеп жанындағы және өзге өңірлердегі лагерьлерде демалуда. 

Жазғы демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге, олардың сауықтырылуын қамтамасыз етуге биыл облыста жалпы мөлшері 1 млрд 279 млн теңге қаржы қарастырылды. 

Оның ішінде облыстық бюджеттен — 247,8 млн теңге, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан – 102,5 млн теңге, демеушілер есебінен – 394,8 млн теңге, ірі кәсіпорындар есебінен – 294,1 млн теңге, сондай-ақ ата-аналар тарапынан 240,0 млн теңге бөлінген.

Лагерьлерде 4300 педагог жұмыс істейді

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бүгінде өңірде жалпы саны 159 мыңнан астам оқушы білім алса, соның 98 пайызы, яғни 159 743 оқушы биыл жазғы демалыспен қамтылып отыр. Олардың арасында қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерге баратын балалар да бар. 

Биыл облыстағы 1-10 сыныптарда оқитын 156 743 оқушы жазғы демалысын тиімді әрі көңілді өткізеді. Бұл мақсатта біз биыл жан-жақты жұмыс жасадық. Қазіргі таңда арнайы санаттағы балаларды демалыспен қамту үшін қосымша конкурс жарияладық. Олардың ішінде бірқатары аяқталды, енді бірі әлі өткізілуде. Мысалы, бүгінге дейін облыстың Алға, Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Темір, Ойыл аудандарында конкурс нәтижелері анықталса, ал Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында конкурс жарияланып, қазір бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жеңімпазпаз әлі анықталған жоқ. Биыл оқушыларды жазғы демалыспен қамтуда облыс бойынша 4300-ден астам педагог жұмыс істейтін болады. Атап айтсақ, жыл бойы жұмыс жасайтын лагерьде – 58, қала сыртындағы лагерьлерде — 161, мектеп жанындағы лагерьлерде – 2609, бейіндік лагерьлерде 1520 педагог еңбек етеді. Сондай-ақ лагерь жұмысын ұйымдастыруға облыс бойынша 134 студент атсалысып жатыр, — дейді басқарма басшысы Жайық Сұлтан. 

Оның айтуынша, биыл өңірдегі жыл бойы жұмыс істейтін «Күншуақ» лагері мен «Әсем» сауықтыру орталығында жаз айларында жалпы саны 2406 бала демалады.

Оның ішінде «Күншуақ» сауықтыру лагері бір ауысымда 101 баланы қабылдайды. Мұнда жалпы саны 606 бала алты ауысымда демалады. Оларға жан-жақты қосымша білім беру, демалыс шаралары ұйымдастырылады. 

Ал «Әсем» сауықтыру орталығында биыл жалпы саны 1800 бала демалып, денсаулығын түзейтін болады. Мұнда бір ауысымда 300 бала қабылданады, олар 10 күн бойы демалысын осында өткізеді.

Сондай-ақ Ақтөбе облысында маусымдық 5 лагерь жұмыс жасап, бір ауысымда барлығы 1312 баланың демалысын ұйымдастыратын болады. Маусымдық лагерьлермен жалпы саны 7648  бала қамтылады деп жоспарлануда. Ауысымдардың ұзақтығы – 10-15 күн аралығы. Жолдама құны – 70 мың-110 мың теңге аралығында. Оның ішінде үш сауықтыру орталығында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры аясында 1147 баланың демалысы ұйымдастырылмақ. Атап айтсақ, «Әсем» лагерінде — 382, «Шұғыла» лагерінде — 383, «Кәмпит» лагерінде 382 бала демалады, — дейді Жайық Сұлтан. 

Белгілі болғандай, биыл балаларға ірі кәсіпорындар мен ата-аналары да демеушілік жасап жатыр екен. Мәселен, өңірдегі ірі өндіріс орындары мен кәсіпорындар және ата-аналардың есебінен 3460 бала жазғы лагерьмен қамтылады. 

Сондай-ақ облыс бойынша жалпы саны 7200-ге жуық бала түрлі сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Оның ішінде республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарына 243 оқушы, көрші облыстардағы демалыс лагерьлеріне 6935 бала борады.

Биыл Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылында орналасқан «Әлия» маусымдық лагерін іске қосу жоспарланып отыр. Лагерьдің сыйымдылығы 72 балаға арналған. Төрт ауысымда мұнда 288 бала демалыспен қамтылатын болады. Лагерь жұмысы үш түрлі, атап айтсақ, патриоттық, спорттық, шығармашылық бағытта жүзеге асырылады. Ал қала сыртындағы лагерьлер мен жыл бойы жұмыс істейтін «Әсем», «Күншуақ» лагерьлері, «Шұғыла» маусымдық лагерінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылары бар. «Нефтяник», «Мугоджары» лагерьлері бүгінде қорытынды алуға өтініштерін тапсырды. «Әлия» лагері қорытынды алуға құжаттарын дайындауда. Жуырда бұл лагерь өз жұмысын бастайды, — дейді ол.

«Шұғылада» үздіктер демалады

5 маусымнан бастап Ақтөбеде үш қала сыртындағы лагерь өз жұмысын бастады. Бүгінде мұнда 600 баланың демалысы ұйымдастырылуда. Оның 500-і «Жаздық жолдама» жобасы аясында келгендер болса, 100-і — Мәртөк ауданының арнайы санаттағы балалары.  

Қала сыртындағы лагерьлердің бірі — «Шұғыла» лагері. Қазір мұнда 300 бала демалып жатыр. 

Лагерь басшысы, «Здоровое поколение» ЖШС директоры Айдынғали Жетесовтің айтуынша, биыл бұл лагерьде 6 ауысымда жалпы саны 1800 бала жазғы демалысын өткізеді. Балаларға арналып мұнда мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылады,  экскурсиялар өткізіледі.

Біздің «Шұғыла» лагері 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жыл сайын 2 мыңға жуық балаға жазғы демалыс ұйымдастырып, қызмет етеміз. Биыл лагерьде 8 педагог, 10 тәлімгер жұмыс істеп жатыр. Балалардың қауіпсіздігі үшін ғимаратта барлық жағдай жасалған. 6 мезгіл тегін тамақ ішеді, ойнайды, демалады, үйірмелерге қатысады. Жалпы, біздің лагерімізге оқу озаттары, дарынды оқушылар мен  халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері жіберіледі. Оқушылардың мұнда қосымша білім алып, демалуына, жаңа достар тауып, әр түрлі іс-шараларға қатысуына мүмкіндік жасалған, — дейді Айдынғали Жетесов.

Айта кету керек, «Шұғыла» лагері биыл 5 маусымнан 13 тамызға дейін жұмыс істейтін болады. 

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, биыл мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын маусым айында бастап кеткен. Облыс бойынша мектеп жанында 673 лагерь жұмыс жасайды. Оларда жалпы саны 39 мыңнан астам бала демалатын болады. Оның 12 607-і — арнайы санаттағы оқушылар.

Ал 380 бейінді лагерьде 106 301 бала жазғы демалыспен қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьлер 3 ауысымда 12 күннен жұмыс жасайтын болады. Тамақтанудың орташа құны – 603 теңге. Бүгінде мектеп жанында 574 лагерь жұмыс жасауда, оның ішінде 195-і тамақпен қамтитын болса, 379-ы — бейінді. Жалпы қамтылып отырған бала саны – 61 508. Балалардың үлесі – 42,2 пайыз, — дейді Жайық Сұлтан. 

Жалпы алғанда биыл Ақтөбе облысында 156 мыңнан астам бала жазғы демалысын тиімді өткізбек. Оның ішінде 673 бала еңбекпен, 25 105 бала туристік саяхатпен қамтылса, 19 453 бала шығармашылық алаңдарда, 111 512 оқушы зияткерлік бағытта білімін жетілдіреді. 

3 маусым-31 шілде аралығында өңірдегі қосымша білім беретін 49 ұйымда жазғы алаңдар жұмыс жасап, оларда 20 мыңға жуық бала қосымша білім алатын болады. Қазіргі таңда 48 ұйым өз жұмысын бастап, балаларға жан-жақты білім беріп жатыр.

Тасқыннан зардап шеккендер қайда барды?

Биыл Ақтөбе облысында жаңа жоба жүзеге асырылды. «Талант тур» аталатын жоба су тасқыны болған ауыл балаларына арналды. Алғаш рет жүзеге асырылған жобада жалпы саны 500 бала қамтылды. 

Бұл жоба екі ауысымда, атап айтсақ, 3-5 маусым және 7-9 маусым аралығында жүзеге асты. І ауысымда үш ауданнан (Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандарынан) 250 оқушы, ІІ ауысымда үш ауданнан (Қобда, Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан) 250 бала келді. Оларға үш күндік бағдарлама ұйымдастырылып, «Мәдениет, тарих, өлкетану»,  «Спорттық, зияткерлік ойындар»,  «Білім, лингвистикалық» бағыттар бойынша шеберлік кластар мен интерактивті экскурсиялар өткізілді. Балалар облыстық интернаттарға орналастырылды. Бұл жобаға шамамен 15 миллион теңге қаржы бөлінді, — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Бакиева.

Сондай-ақ аталған басқарма биыл тағы екі жобаны жүзеге асырмақ. Оның бірі — «Жанды сабақтар» жобасы, екіншісі — «Summer Fest» жобасы. Алғашқы жоба бойынша облыстың  Қобда, Ойыл, Қарғалы, Байғанин, Мәртөк, Хромтау аудандарында орналасқан киелі жерлерге экскурсиялар ұйымдастырылады. Оған облыстағы 2500 бала қамтылады. Бөлінген қаражат көлемі – 30,0 млн.теңге.

Ал «Summer Fest» жобасына өңір бойынша мың бала қатысады. Жоба 4 бағытта ұйымдастырылады: «Менің шұғылалы əлемім», «Аrt-sdudio» шеберханасы,  спорттық бағдарлау жарысы, «Геопарк» аспан асты музейі, — дейді Гүлдана Бакиева.

Оның айтуынша, көктем айларында су тасқыны болған аудандардан 340-тан астам оқушы Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстарында орналасқан сауықтыру орталықтарына жіберілген.  

Сондай-ақ Ойыл ауданының бес оқушысы мен Қобда ауданының 3 оқушысы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында 20 күн демалып, білімдерін жетілдіріп қайтқан.

Айта кету керек, биыл су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларымен қатар жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған — 785, аз қамтылған отбасылардан шыққан — 7394, көп балалы отбасылардан шыққан — 6547, мүмкіндігі шектеулі – 783, дарынды – 28 702, құқық қорғау органдарының есебіне алынған — 206 және қолайсыз отбасылардың 295 баласына жазғы демалысы ұйымдастырылады. Жалпы жазғы демалыспен арнайы санаттағы балалардың 98,1 пайызын қамту жоспарланып отыр. 

Ойыл ауданы Екпетал ауылындағы негізгі мектептің 9-сынып оқушысы Гүлжайнар Дабылова жуырда Жамбыл облысына барып, ондағы сауықтыру орталығында демалып келді. Аталған орталыққа бұл ауылдан 50 бала жіберіліпті.

Көктемгі су тасқыны кезінде біздің ауылымыз түгел суға кетті. Үйіміз, оқитын мектебіміз жарамсыз болып қалды. Содан бізді аудан орталығына көшірді. Қазір осында тұрып жатырмыз. Биыл 9-сыныпты аяқтап, қолыма аттестатымды алдым. Ендігі міндет — 10-11-сыныпты жақсы оқып, жоғары оқу орнына түсу. Әзірге біздің мектебіміз салынған жоқ, құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында ауыл балалары өз мектебімізге барғымыз келеді. Мен қалған екі жылды басқа орта мектепте оқимын, менің ауылымдағы мектеп — 9 жылдық. Су тасқынынан кейін бізді білім бөлімі Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығына жіберді. Ол жерде жиырма күн демалып қайттық. Айша бибі, Қарахан кесенелерін көрдік, басқа да тарихи орындарды араладық. Үйірмелер мен түрлі мәдени іс-шараларға қатыстық. Жалпы 20 күн тез өте шықты. Бізге осындай демалыс ұйымдастырған аға-апаларға алғысымыз шексіз, — дейді Гүлжайнар.

Лагерьлердің тазалығы тексеріле ме?

Балаларға жазғы демалыс ұйымдастыру — игілікті іс. Алайда балалардың қауіпсіздігі мен олар демалатын лагерьлерде тазалықтың сақталуы — маңызды міндет. Бұл орайда биыл Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жан-жақты жұмыс жүргізгенге ұқсайды.

Аталған департаменттің бөлім басшысы Лаура Ршауованың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары қала сыртындағы 11 лагерьге жауапты. Атап айтсақ, Ақтөбедегі — 7 («Достық», «Кәмпит», «Нефтяник», «Әсем», «Шұғыла», «Ракетка», «Шапағат»), Алғадағы – 1 («Күншуақ»), Қобда ауданындағы – 1 («Әлия»), Ойыл ауданындағы – 1 («Көкжар-Бәйтерек»), Хромтау ауданындағы — 1 («Мугоджары» «Казхром» ТҰК АҚ филиалы «ДТКБК») лагерь департаменттің үнемі бақылауында. 

Қазіргі таңда қала сыртында үш мемлекеттік, 8 жеке лагерь бар. Биыл жазғы маусымда 6 лагерь жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қобда ауданында «Әлия» маусымдық жазғы лагері де өз жұмысын бастайды. Бұдан бөлек, жазғы маусымда  мектеп жанындағы 376 лагерь жұмыс жасайды. Оның ішінде мектеп жанындағы 277 лагерьде ыстық тамақ беру ұйымдастырылады. Бұл лагерьлер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 10 тамыздағы №78 бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкес жұмыс жасауы қажет. Осыған байланысты біз ата-аналардың жазғы лагерьді таңдаған кезде балалардың жатын бөлмелерінің жағдайына назар аударып, олардың тамақтарына, тамақтану орындарына мән бергенін қалаймыз. Тамақтану арасындағы интервал төрт сағаттан асырылмай, қосымша таңғы ас немесе кешкі ас бар берілуі керек, — дейді Лаура Ршауова.

Оның айтуынша, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда лагерь ғимараттарындағы тазалық, тамақтың сапасы, балаларды тамақтандыру рационында витаминді-минералдық кешенмен байытылған өнімдердің болуы міндетті түрде тексеріледі. 

Сондай-ақ лагерь басшылары бассейндер мен душ бөлмелерінің, жатын орындары мен асхананың тазалығын үнемі назарда ұстауы керек. Себебі бала тазалыққа, тәртіпке үйренуі тиіс. Ал сіздің балаңыз биыл лагерьге бара ма?...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы