Биыл Ақтөбе облысында 45 адам ВИЧ жұқтырған
Ақтөбе облысында биылғы 7 ай ішінде 45 адам ВИЧ жұқтырған. Оның 43-і — ел азаматы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығының эпидемиологы Динара Оразалинованың айтуынша, анықталған 43 науқастың 36-сы ер адам болса, 7-еуі — әйел.
АИТВ (адам иммун тапшылығы вирусы) инфекциясын 41 адам жыныстық қатынас арқылы, бір адам инъекциялық есірткі қолдану арқылы, ал бір адам белгісіз жолмен жұқтырған. Жалпы, Ақтөбе облысы еліміз бойынша АИТВ инфекциясының таралу деңгейі төмен аймаққа жатады. Мысалы, республика бойынша 20 өңірдің ішінде 17-орында тұр. Науқастардың жас ерекшелігіне тоқсалсақ, 30-39 жас аралығындағылар саны 270 болса, ерлер – 475, әйелдер саны – 245. Сондай-ақ, жұмыс істемейтіндер саны – 312. Негізі, бұл дертпен ауыратындардың 74 пайызы (531) — АИТВ инфекциясын жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар, — дейді Динара Оразалинова.
Елімізде бұл инфекция ферментті иммуносорбенттік талдау әдісімен анықталады. Ол үшін АИТВ-ға антиденелердің болуы үшін қан талдауын алады. Антиденелер — вирустың енуіне жауап ретінде денеде өндірілетін ақуыздар. 14 күннен алты айға дейінгі уақыт ішінде ағза тест жүйесі арқылы анықтауға жеткілікті мөлшерде антиденелерді шығарады. Бұл уақыт кезеңі серологиялық терезе кезеңі деп аталады.
Жалпы, бүгінде ВИЧ инфекциясы 18-65 жастағы тұрғындар арасында тіркелуде. Биылғы 7 ай ішінде Ақтөбе облысында 146 мыңға жуық адам осы инфекцияға талдау тапсырып, тексерілген.
Егер талдау оң шықса, онда біздің орталықта науқастарға тегін ем беріледі. Себебі әр емделушіге мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінеді. Психологиялық көмек те көрсетіледі, — дейді Динара Оразалинова.
Айта кету керек, облыста ВИЧ жұқтырған 539 адам тіркеуде тұр.