Биыл Ақтөбе облысында 151 мың бала демалысын қызықты өткізіп жатыр

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақтөбе облысында балаларды лагерь жұмысын ұйымдастыру үшін облыстық бюджеттен 320 миллион теңге қаржы бөлінген. Осылайша облыс бойынша оқушылардың 98 пайызы, яғни 151 мың бала биылғы жазғы демалысын тиімді әрі қызықты өткізіп жатыр.  

Биыл облыста жалпы саны 151 мың баланы жазғы демалыспен қамтып отырмыз. Оның ішінде 19 мың балаға қала сыртындағы лагерьлерге, 15 мың балаға мектеп жанындағы лагерьлерге және 2 мың оқушыға шатырлы лагерьлерге жолдама берілді. Сонымен қатар 86 мыңға жуық бала қосымша білім беру ұйымдарына, мектеп жанындағы алаңдарға, ал 30 мың бала облыстық, республикалық деңгейдегі экскурсияға жіберілді, — дейді облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Асхат Ізбасар.

Оның айтуынша, оқушылар қазір облыс аумағында орналасқан 11 лагерьде демалып жатыр. 

Биыл осы 11 лагерьдің ішінде «Достық», «Шапағат» лагерьлері құжаттар рәсімдемеуіне және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеуіне байланысты қызметін бастаған жоқ. Ал қалған 9 лагерь жұмыс жасап жатыр. Оның біреуі мемлекеттік болса, сегізі — жекеменшік. Оның ішінде «Күншуақ» лагері Алға ауданында, «Көкжар-Бәйтерек» лагері Ойыл ауданында, ал «Мұғалжар» лагері Хромтау ауданында орналасқан, — дейді Асхат Ізбасар.

Жазғы демалыс маусымы — балалар үшін ерекше сәт. Биыл Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин ауданының 300 оқушысы «Көкжар-Бәйтерек» лагерінде демалды. Биыл бұл лагерь өз жұмысын 15 маусымда бастаған. Қазір мұнда төртінші ауысымда 40 бала алаңсыз демалып, уақытын қызықты да көңілді өткізіп жатыр. 

Балаларға төрт мезгіл тамағын береміз, күн сайын әр түрлі тақырыпта концерттік бағдарламалар, спорттық шаралар өткізіледі. Лагерь орналасқан аумақта Барқын орманы бар. Бұл жерге келіп демалушылар таза ауада тыныстап, қарағайлы орманды аралайды. Жалпы балалар үшін барлық жағдай жасалған, — дейді «Көкжар-Бәйтерек» лагерінің жетекшісі Анар Нұғманова.  

Бұл лагерьге биыл 7-14 жас аралығындағы оқушылар келіп, демалып жатыр. Лагерьден бөлек 5 күндік демалыс үшін 60 балаға арналған шатырлы лагерь де ұйымдастырылыпты. 4-5 жылдан бері ауыл балалары үшін ерекше демалыс ұйымдастырып келе жатқан лагерь биыл да өз жұмысын тиянақты түрде атқарып жатыр. 

Айта кету керек, бұл лагерь 2008 жылы ауданда құрылған «Көкжар Бәйтерек» туристік фирмасының жанынан ашылған. 

Биыл Ақтөбе қаласының Ақжар тұрғын алабы аумағында орналасқан «Кәмпит» лагері өңірдегі мұнай-газ, теміржол, металлургия салаларында жұмыс істейтін жұмысшылар мен қызметкерлердің балаларына есігін айқара ашты. 21 жылдан бері жыл сайын оқушыларға қызықты демалыс ұйымдастырып келе жатқан лагерь биыл да еңбеккерлердің балаларына ерекше қуаныш сыйлап жатыр. Мұнда күн сайын концерттер, жарыстар, конкурстар өткізіледі. Вокал, би, хор, музыкалық аспаптарда ойнаудан түрлі үйірмелер жұмыс істейді. 

Лагерь басшысы Айболат Ташпентаевтың айтуынша, биыл «Кәмпитке» жалпы саны 1800 бала келіп демалмақ. Қазір мұнда 300 бала төртінші ауысымда демалып жатыр. 

Биыл 6 ауысымда 1800 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Балалар бір ауысымда 12 күн демалады. Лагерьде балалар үшін арнайы бағдарламалар ұйымдастырылған. 4 мезгіл ас беріледі. Мұнда балалардың бір күні екіншісіне ұқсамайды. Күн сайын тәрбиелік-спорттық шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың өз уақытын қызықты, тиімді әрі көңілді өткізуіне мүмкіндік мол, — дейді Айболат Ташпентаев.

Оның айтуынша, мұндағы бір ауысымдағы демалыс құны 75 мың теңге тұрады. Биыл лагерьдің барлық жолдамасын облыстағы жеке компаниялар сатып алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы