Биыл қандастарды қабылдау квотасы қысқарды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Үкіметінің қаулысымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы 2020 жылы 1 378 адам болып белгіленген, бұл 2019 жылға қарағанда 653 адамға аз, деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
Аталған қаулыны қабылдаудың мақсаты ҚР Үкіметі белгілеген өңірлерде оралмандарды оңтайлы орналастыру болып табылады. 2020 жылы квота былайша бөлінді: Павлодар облысы бойынша – 500 адам, Қостанай облысы бойынша – 350, Ақмола облысы бойынша – 258, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-150, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 120.
Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде субсидия беру түрінде қолдау көрсетілетін болады: көшуге – отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (84,2 мың теңге) біржолғы төлем; тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін 12 ай ішінде отбасына 15-тен 30 АЕК (36,1-ден 72,2 мың теңге), – делінген министрліктің хабарламасында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылы ҚР Үкіметі 2 031 адамды қамтитын оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасын бекітті, ол мынадай түрде бөлінді: Қостанай облысы бойынша – 815, Павлодар облысы бойынша – 550, Ақмола облысы бойынша – 306, Шығыс Қазақстан облысы бойынша-250, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 110 адам.
Жалпы алғанда, 2019 жылы 17,661 этникалық қазақ немесе 9993 отбасы тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алды.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылдан 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін 313 256 отбасы немесе 1 057 280 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған болатын.