Биыл Алматыда 27 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, биылғы жаңа оқу жылында жаңа нысандар да іске қосылмақ.
Әуезов ауданында -1200 орынды мектеп-гимназия, Түрксіб ауданында – 600 орынды жалпы білім беретін мектеп қолдануға беріледі. Сонымен қатар, 30 тамызда балаларды 1-сыныпқа қабылдау ресми түрде аяқталады. Қазіргі таңдағы мәліметтер бойынша осы жылғы 1 қыркүйекте 27 мыңнан астам 1-сыныптың оқушысы сабақ бастайды, - деді ол.
Солндай-ақ, ол білім басқармасы дайындық жұмыстарын бірнеше бағыт бойынша жүргізіп жатқанын айтты.
Біріншіден, қашықтан оқытуға балалардың техникалық дайындығын қамтамасыз ету қолға алынды. Осы мақсатпен балалардың және мұғалімдердің компьютерлік техникамен қамтылуын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 70 мың баланың және 2 мыңнан астам мұғалімге компьютер қажеттілігі бар екендігі белгілі болды. Аталған мәселені шешу үшін мектептегі қаржыландыру есебінен 9 мың ноутбук сатып алынады, жергілікті бюджет есебінен 11 мың ноутбук, үкіметтің резевтік қоры есебінен 30 дана компьютер, жергілікті бюджет есебінен 22 мың планшет алынады, сонымен қатар мектептердегі бар компьютер оқушыларға беріледі, - деді Жылқыбаева.