Биыл Алматыда 700-ге жуық ана өз бизнесін ашты

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев instagram-дағы парақшасында жазды.

Оның айтуынша, қаладағы көпбалалы аналарды қолдау үшін бірқатар бағдарлама жүзеге асырылуда. 


Өткен жылы барлық ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасын аштық. Жоба аясында әйелдерді іскерлік белсенділікке тарту мақсатында «Іскер ана» бағдарламасы іске асырылуда. Курста кәсіпкерліктің әліппесі үйретіледі. Биыл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 700-ге жуық ана өз бизнесін ашып, бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алды, - деп жазды қала әкімі. 


Сондай-ақ, әкім бүгінде аналар тігін мен тоқыма бұйымдарын, ұлттық киім мен әшекейлерді, ыдыс-аяқтар және басқа да тауарларды шығарып жатқанын мәлімдеді. Бұл өнімдерін олар Түрксіб ауданында меценаттардың қолдауымен ашылған «Іскер ана» арнайы дүкенінде сата алады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы