Биыл Алматы облысына 127 млрд теңге инвестиция тартылды – Баталов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, пандемияға қарамастан облыста даму принциптерінің басымдығы сақталған.

Жыл басынан бері барлық негізгі салада өсім байқалды. Өнеркәсіп өндірісі 15,3%-ға өсті, құрылыс жұмыстарының көлемі 4,2%, сауда-саттық 3,7%, ауыл шаруашылығы 0,5%-ға өсті. Мемлекеттік бюджетке 220 млрд теңге кіріс әкелдік, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық. Сондай-ақ облыс экономикасына 127 млрд теңге инвестиция тартылды, мұндағы өсім 1,6%. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 811 млрд теңгеге жетеді деп болжанып отыр, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол 2025 жылға дейін жалпы аймақтық өнімге тартылатын инвестиция көлемін 30%-ға дейін арттыру мақсатында 562 жобаны іске асыру қолға алынғанын айтты.

5,4 трлн теңгені құрайтын бұл жоба аясында 45 мың жұмыс орны ашылады. Қазір соның 327 жобасы іске қосылған және тұрақты түрде инвестиция тартуда. Бұл жерде 9 трансұлттық компания өз үлесін қосып жатыр. Іске қосылған «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» және биыл жұмысын бастаған «Алацем» цемент зауыты мен «Фид Миллс» жем-шөп зауыттарының өндірісі 165 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта тағы 5 жоба іске қосылады, - деді Баталов.

Қазіргі таңда облыстағы азық-түлік өндірісінде, сусын, электр жабдықтары, дайын металл бұйымдары, фармацевтика және құрылыс индустриясында тұрақты өсім бар. Жыл соңына дейін өндірістік өнімдер 1,2 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы