Биыл әлеуметтік саладағы жемқорлық бойынша 34 адам сотталды

Антикор басшысы Асхат Жұмағали жарты жылдықтың қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңесте «Мемлекет тұрмыстық жемқорлық пен шенеуніктердің озбырлығымен нивелирленетін халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оларға көмек көрсету бойынша үлкен жұмыс жүргізуде» деп атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекеттің қолдауына мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қорғау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Сондықтан осы саладағы жемқорлық көріністері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тұрақты назарында болады.

Биыл әлеуметтік салада 95 жемқорлық қылмыс тіркеліп, 58 адам әшкереленді, 34 адам сотталды.

Мәселен Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыстық Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің бөлім басшысына қатысты тергеуді аяқтады. Ол мүгедектікті ұзартқаны және тағайындағаны үшін 20-дан 50 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деп күдіктелуде.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Сонымен қатар, биылғы 11 шілдеде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты елордалық медициналық орталықтың дәрігері Мәкішевке қатысты үкім шығарды. Ол науқастан жоспарлы хирургиялық операция жасағаны үшін 500 мың теңге сомасында заңсыз материалдық сыйақы алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы