Биыл Алакөл жағасына жету мүмкіндігі ұлғаяды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Үржар әуежайының жөндеу жұмыстарына жабылауына орай Алакөл жағалауына туристерді жеткізетін автобустар саны көбейіп, қосымша пойыз вагондары шығарылады.

Мамыр айының бірінші жұлдызынан Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону жолағына жөндеу жұмыстары басталады. Осы себепті туристік тартымы жоғары Алакөл жағасына демалушыларды кедергісіз жеткізу мақсатында автобус бағыттарын көбейтіп, пойыз вагондарының санын арттыру жоспарлануда. 

Естеріңізге салсақ, 2017 жылдан бастап инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Ал аталған жол бөлігінің 454 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының аумағына тиесілі. Бүгінгі күні жоба бойынша жоспарланған жұмыстардың 57 пайызы аяқталған. Яғни, автожолдың 257 шақырымына асфальтбетон жабыны төселіп үлгерсе, қалған 43 пайызы биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталмақ. 

«Қазавтожол» ұлттық компаниясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы басшысының орынбасары Асылбек Нұғымановтың айтуынша, жолдың «Өскемен-Қалбатау» арасындағы бөлігі толықтай асфальтбетон жабынымен төселген. Биылғы жылы негізгі жөндеу жұмыстары Қалбатаудан Аягөзге, сондай-ақ ары қарай Таскескен бұрылысына дейінгі аралықта жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта аяқталуға жақын қалған «Таскескен-Бақты» автожолындағы жұмыстар шілде айына қарай тәмамдалады. 

Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін жол бөліктерінде жолаушылардың кедергісіз қозғалуы үшін айналма жолдар салынады. Нәтижесінде «Қалбатау-Аягөз» учаскесіндегі айналма жолдардың жалпы ұзындығы - 55, ал «Аягөз-Таскескен» учаскесіндегі айналма жолдар - 56 шақырымды құрайтын болады, – деді Асылбек Нұғыманов. 

Үржар ауылындағы әуежайдың жөндеу жұмыстарына жабылуына байланысты көлік қатынасы дефицитін болдырмау үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын пойыз вагондарының санын сегізден онға дейін көбейту жоспарланған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмәділовтың айтуынша, бұл өз кезегінде әр бағыт бойынша орындар санын 352-ден 456-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін көрінеді. 

17 маусымнан бастап аптасына үш рет 10 вагоннан құралған «Алматы-Достық» бағытындағы пойыз жолаушыларды тасымалдай бастайды. Бұл қосымша 450 орынды қамтамасыз етеді. Облысішілік Өскемен, Семей қалаларынан Жалаңашкөл станциясына дейін қатынайтын пойыз вагондары әр бағыт бойынша бестен жетіге дейін ұлғайтылады. Осылайша, орындар саны 270-тен 416-ға дейін көбейтіледі, – деді Нұржан Жұмәділов. 

Бұдан бөлек, Өскемен, Семей қалаларынан Үржар ауылына қатынайтын автобустар санын екі есеге, яғни сегізден 16-ға дейін ұлғайту мәселесі қайта қаралды. Бұл өз кезегінде туристік маусым кезінде тасымалданатын жолаушыларды 35,7 мыңнан 71,4 мыңға дейін көбейтпек. 

Басқарма басшысының хабарлауынша, Үржардағы әуежай қолданысқа берілгелі бері толық жөндеуден өткізіліп көрмеген. Ал жөндеу жұмыстарын кейінге шегеру ұшып-қонудың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар әуежайды қайта жаңғырту арқылы әуе кемелерінің жаңа типтерін, сондай-ақ түнгі мезгілдерде қабылдауға мүмкіндік тумақ. Бұл өз кезегінде Алакөл жағасына келесі демалыс маусымдарында келетін туристер легін ұлғайтады. Айта кетсек, жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы