Биыл Ақмола облысының Степняк қаласында бес көпқабатты үй салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Степняк қаласында соңғы жылдары баспана құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды 24.kz.

4 мың ғана халқы бар шағын шаһар үшін – бұл таңсық жағдай. Себебі 2018 жылға дейін мұнда бірде-бір көпқабатты үй салынған емес. Осылайша бүгінге дейін бірнеше жаңа үй тапсырылса, биыл 5 үй ел игілігіне берілмек. Баспаналар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерді.

Қазір шаһардан тағы бір үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоба құны 200 млн теңгеге жуықтайды. 21 пәтерлі тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы жандар үшін арнайы салынып жатыр. Яғни бұл нысаннан жетімдер, көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер баспана ала алады. Үш қабатты үй күзге қарай пайдалануға берілмек.
21 пәтердің 9-ы 3 бөлмелі, тағы 9-ы 2 бөлмелі және үшеуі 1 бөлмелі болады. Құрылыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Ешқандай кешігу жоқ. Бұйыртса тамыздың соңында тапсырамыз, – Біржан сал аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің жетекшісі Бахтияр Мұстафин. 
Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, биыл тағы дәл осындай 2 үйдің құрылысы басталады. Мұнан бөлек енді 5 қабатты үйлер де салу қолға алынбақ. Ондай 3 үй жоспарланған. Оларда бас-аяғы 120 пәтер болады. Ал алдағы жылдары әрқайсысы 36 пәтерлі 6 үй тұрғызу межесі бар. Осылайша кезектегі 350 адам бірнеше жылдың ішінде баспанамен қамтамасыз етілмек. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы