Биыл ақылы жол учаскелерінен 5,5 млрд теңге қаржы түседі - министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр Үкімет отырысында осылай деді.


«Автомобиль жолдарын күтіп ұстау үшін және сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ақы алу жүйесін енгізу жалғасуда. Биыл қаңтар айының соңында жалпы ұзақтығы 471 шақырым болатын Алматы-Қорғас (295 км), Алматы-Қапшағай (42 км) және Астана-Теміртау (134 км) жол учаскелерінде ақы алу жүйесі толық іске қосылды», - деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, 2019 жылдың соңында ақылы учаскелерден (4 учаске) түсетін қаржы шамамен 5 миллиард 400 миллион теңгені құрайды (аталған автожоларды қүтіп үстауға қаржыландырудың нормативтік қажеттілігі кезінде 3,2 млрд теңге).

«Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5 мың 500 шақырымға енгізу жоспарлануда. Ол автомобиль жолдарын күтіп ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. 2022-ші жылдың соңына қарай ұзақтығы шамамен 6 мың 500 шақырым жол ақылы болады. Одан түсетін қаржы 40 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар. Бұл қаржы жолдарды өз қаржысына күтіп ұстау режиміне өтуге мүмкіндік береді», - деді Роман Скляр.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы