Биыл А вирустық гепатиті көбеюі мүмкін – эпидемиолог болжамы

Бұл туралы елордалық Санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, бұрын Астанада А вирустық гепатиті бойынша жылына 200-300 жағдай тіркелетін.

Халық арасында бұл ауру терінің және көздің шырышты қабығының сарғаюы түріндегі негізгі клиникалық белгілеріне байланысты сарғаю деп аталды. 2005 жылы АВГ-ға қарсы жоспарлы вакцинация енгізілгеннен кейін аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 406,1 көрсеткіштен 2022 жылы 1,5-ке дейін төмендеді. Дәл осы жүргізіліп жатқан иммундау жұмыстарының арқасында елордада 2005 жылдан бастап екпе алған балалар мен жасөспірімдер ауырмайды, - деп атап өтті ведомство басшысының орынбасары. 

Сонымен қатар ол былтыр қанша адамның А гепатитіне шалдыққанына тоқталды.

2022 жылы қала бойынша 18 адам А гепатитімен сырқаттанды. Оның ішінде үшеуі – балалар, себебі олардың ата-анасы жоспарлы вакцинациядан бас тартқан. Биыл бұл дерттен 11 науқас емделді, оның ішінде 2003 және 2006 жылы туылған балалар бар. Олар А гепатитіне қарсы қорғаныш вакцинасын алуына мүмкіндік болса да, ата-аналарының вакцинациядан бас тартуына байланысты бауырдың зақымдануымен инфекцияға ұшырады. Елімізде А гепатитіне қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесі бойынша, тегін түрде, бала өмірінің 2 жылында, 2 есе, 0-6 ай сызба бойынша жүргізіледі. Ата-ана баласының жоспарлы вакцинациясынан бас тартқанымен, баланың денсаулығы мен қоғам алдындағы жауапкершіліктен босатылмайды. Өйткені, А гепатиті – бұл жұқпалы ауру, онда науқас инфекция көзі болып табылады және сарғаюға дейінгі кезеңде басқаларға эпидемиологиялық қауіп төндіреді, - деді Жанна Пірәлиева. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы