Биыл 9 мың орынды жатақхана тапсырылады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жатақхана құрылысына қойылатын талаптар жеңілдетілді. Бұл шаралар инвесторлар шығындарын қысқартып, жобалардың жалпы құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет үйінде өтіп жатқан жиын барысында айтты.

Отырыстың күн тәртібінде Елбасының студент жастардың тұру жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың наурызында 75 мың орындық студенттік жатақхана ашуды тапсырды. Өткен жылдың өзінде оқу орындары мен жергілікті бюджет есебінен 3 мыңнан астам орын енгізілді. Осы жобаға жеке инвесторларды кеңінен тарту мақсатында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бірге мемлекеттік жеке меншік әріптестік қағидаларына негізделген арнайы механизм жүзеге асырылуда. Қажетті құқықтық-нормативтік база қалыптастырылып қаржы көлемі бекітілді», - деді министр.

Сонымен қатар ол, жатақхана салуда инвесторларға қойылатын талаптың жеңілдетілгенін айтып өтті.

«Жатақхана құрылысымен айналысатын кәсіпкерлерге инженерлік коммуникациялары дайын жер телімдері беріліп, несиенің 7% мемлекет есебінен субсидияландырылады. Бұл шаралар инвесторлар шығындарын қысқартып, жобалардың жалпы құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Жатақхана қолданысқа берілгеннен кейін оның иесіне сегіз жыл қатарынан мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады. Жаңа құрылыс жағдайында оның көлемі бір студент үшін жылына 308 мың теңгені, ал реконструкция 119 мың теңгені құрайды. Сонымен бірге, инвестордың осы ғимаратта асхана, жаттығу залы және өзге де тұрмыстық қызметтерді ұйымдастыру арқылы қосымша кіріс табуына мүмкіндік берілген», - деді  ол.

Сөз арасында ол Нұр-Сұлтан қаласында жатақхана ақысын әкімдік тарапынан субсидиялау тетігі енгізілгенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда 19 мыңнан астам орынның енгізілуін қамтамасыз ететін 43 жоба іске асырылуда. Олардың 20 кәсіпкерлердің, 23 оқу орындарының, оның ішінде 13 жеке меншік оқу орындарының бастамасымен жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында ағымдағы жылы жоспарланған 5 мыңнын орнына 9196 орын енгізіліп, жоспар 184 пайызға орындалады деп күтілуде. Өңірлердің арасында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысы, ал Ақтөбе, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс қарқыны төмен», - дейді К. Шәмшидинова.

Министрдің айтуынша, жатақахана салуда мемлекеттік оқу орындарымен салыстырғанда жеке меншік мекемелердің белсенділігі жоғары. 

«Мәселен, осы жылы жеке меншік оқу орындары 2 444 орынды қамтамасыз ететін 8 жатақхананы қолданысқа береді. Мемлекеттік университеттер 432 орынға есептелген 2 жатақхананы тапсырады. Жатақхана салу механизмін кеңінен тарату мақсатында өңірлерде инвесторлармен кездесу ұйымдастырлуда. Осы мәселеге байланысты арнайы сайт іске қосылды. Осы жылдың мамыры мен қыркүйек аралығында инвесторларды кеңінен тарту мақсатында үздік жобалар акциясы өткізіледі. Жоғары оқу орындарының бақылау кеңестері солардың ішінен жеңімпазын анықтайды», - деді ол.

Министр сондай-ақ, келесі жылдың жоспарын орындалуы алаңдатып отырғанын айта келе үкімет басшысынан келесі шараларды іске асыруға қолдау көрсетуін сұрады.

«Бірінші, өңірлерде жатақханалар салу бойынша толық кестесін бекіту. Екінші, қымбат тұратын жобалық-сметалық әзірлемелерді тоқтату, үшінші жер мәселесін оңтайлы шешу мақсатында мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғам етіп қайта ұйымдастыру жұмыстарын жеделдету. Төртінші, осы жобаны іске асыру барысында сейсмикаға қатысты мәселелер көтерілді, осыған байланысты нормативке сейсмиканы ескеретін коефицентті қарастыруда қолдауңызды сұраймын», - деді министр

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы