Биыл 9 айда ел экономикасы 2,8%-ға өсті - Ұлттық экономика министрі
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биылғы жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ел экономикасының өсуі 2,8%-ды құрады. Оның ішінде, нақты сектордағы өсім 3,1%-ды, ал қызмет көрсету саласында– 1,9%-ды құрады. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, және тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларында тіркелуде, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7%-ға дейін жеделдеуі байқалуда.
Инвестициялар ағынының өсімі білім беруде – 45,7%-ға, саудада – 23,3%-ға, құрылыста – 22,9%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша– 17,5%-ға, тау-кенөндіру өнеркәсібінде – 10,7%-ға, көлік және қоймалау бойынша – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 7,5%-ға ұлғайды. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалып отыр, - деді Ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ министр 9 ай ішінде өндіріс көлемінің де біршама артқанын алға тартты. Еліміздің 16 өңірінде көрсеткіш көңіл қуантарлық деңгейге жеткен. Әсіресе Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, Алматы қаласында артқанын атап өтті.