Биыл 830 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылады - Сапарбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкімет отырысында айтты.
«Бірінші шілдеге дейін күнкөріс деңгейі 14 830 теңге болады, ал бірінші шілдеден бастап ол 20 789 теңгеге көбейеді. Егер бұл көмекті осы уақытқа дейін 570 мың адам алып келсе, енді ол 260 мыңға көбейіп, яғни 830 мың қазақстандықтың әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі болады. Бір отбасын мысалға келтірсек, 4 балалы жалғызбасты жанұя делік. Егер бірінші шілдеге дейін табысы жоқ болған соң отбасы 63 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, бірінші шілдеден бастап ол 40 мың теңгеге көбейеді. Яғни, 103 945 теңге болады. Ал қосымша төлемдерді есептегенде жанұяның жалпы бір айлық табысы 114 448 теңге болады», - деді Сапарбаев.
Кеше «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке еліміздегі бірқатар әлеуметтік мәселені шешуді тапсырды. Олардың қатарында аз қамтылған, мүгедек баласы бар, толық емес және көпбалалы отбасыларды қолдау шаралары бар.
«Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы балалы отбасыларды қолдау үшін көпбалалы жанұялардағы әр балаға ең төменгі төлемді 20 789 теңге сомасында бекіту керек. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 830 мың адам қамтылады, оның 550 мыңға жуығы – балалар. Бұнымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, қамқоршылар мен отбасыларға (тұлғаларға) берілетін жердемақыны 30 процентке ұлғайтуды тапсырамын», - деді Съезде Назарбаев.
Президент бұған қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырды. «Олардың басым бөлігі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс. Осы мақсатқа алдағы 7 жылда қосымша жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлінеді» деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы табысы төмен, мүгедек балалары бар, көпбалалы отбасылар мен толық емес жанұялар үшін баспанаға қол жетізу мүмкіндігін арттыруды, азаматтардың бұл санатына ТҮҚЖБ арқылы жылына 2-3 процентпен тұрғын үй заемдарын беру механизмін әзірлеуді тапсырды.
Ел президенті сондай-ақ, биылғы шілдеден бастап еңбекақысы төмен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 30 процентке ұлғайтуды тапсырды.
Қымбат Елтайқызы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Украина Айды зерттеуге қызығушылық танытып отыр
Өзгелердің жаңалығы