Биыл 771 қандас солтүстік өңірлерге қоныс аударуға өтініш берген

Этникалық көші-қонды реттеу бойынша әдістер қайта қаралды. Бұл жайында Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында жазылған, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелде тұратын этникалық қазақтардың қандас мәртебесін алуға өтінішін ҚР СІМ шетелдегі мекемесі арқылы еліміздің аумағында қандастарды «бір терезе» қағидаты бойынша орналастырудың жаңа механизмі енгізілді. Жаңа механизм пилоттық режимде бірқатар елдерде іске асырылуда. Этникалық қазақтар елге келгенге дейін өздері келетін өңірлер бойынша, жұмыс орындары, бос жер учаскелері, әлеуметтік-инфрақұрылыммен қамтылғандығы туралы консультация алады, - деді Смайылов.

Премьердің мәліметінше, қазіргі таңда солтүстік өңірлерге көшу үшін 771 (237 отбасы) этникалық қазақтан өтініш қабылданды, оның 368-і (111 отбасы) рұқсат алды.

Қазіргі мемлекеттік қолдау шараларына қоса (көшуге материалдық көмек, тұрғын үй жалдауға және комуналдық шығындарды өтеуге субсидия), жұмыс орнының бар екені расталса, осы жылдан бастап тұрғын үй алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты қосымша ұсынылады (сатып алу, салу, алғашқы жарна алу). Сертификат қоныс аударушының/қандастың өзіне беріледі, бұл азаматтарға өз бетінше солтүстік өңірлерде тұрғын үй таңдауына мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы