Биыл 67 елдімекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады
Нәтижесінде 162 мыңнан астам адам сапалы ауызсуға қол жеткізбекші. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов айтты.
Вице-министрдің берген мәліметіне сай, Су кодексіне сәйкес министрлік елді мекендердің шекараларына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып саналады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде 2024 жылы еліміздің 6 өңірінде, яғни Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 8 жоба аяқталды. Бұл 208 мың тұрғыны бар 49 елдімекенді сумен қамту сапасын жақсартты, - дейді Ерболат Ибрайханов.
Ал биыл еліміздің 9 облысында – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау өңірлерінде топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 23 жоба іске асырылуда. Соның нәтижесінде 420 елдімекенді сумен қамту сапасын жақсарту үшін 2100 шақырымнан астам су құбыры салынады. Барлығы 162 мың тұрғыны бар 67 елдімекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады деп күтілуде.