Биыл 551 мың тонна күріш жиналды – Әбдіқалықова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Qazaqstan арнасына берген сұхбатында айтты.
Жалпы пандемияның экономикаға әсері бар. Екінші жағынан мұнай, жер асты қазба байлықтарының бағасы да төмендеп кетті. Ал біздің облысты алатын болсақ, мұнай басты қазбалардың, өндірістің бірі. Соңғы жылдары осы өндірістің төмендеуі байқалады. 2011 жылы Қызылорда облысында 11 млн тонна мұнай өндірілсе, былтыр 5,6 млн тонна ғана мұнай өндірілді. Ал биыл 4,2 млн тонна ғана өндірілейін деп отыр. Яғни төмендеу байқалып отыр, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова облыстың алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биыл 230 млрд теңгедей инвестиция тарту жоспарда бар. Дегенмен бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен. Мұнда да объективті факторлар бар. Өткен жылы ірі республикалық жобалар болды. Мысалы, «Сарыарқа газ құбыры» болды, 2 газ стансалары салынды, сондай-ақ Күн электр стансасы салынды, - деді ол сұхбат кезінде.
Әкімнің айтуынша, пандемия кезінде облыста азық-түлікке тапшылық байқалған.
Пандемия кезінде қарым-қатынас азайды. Тіпті бір облыстан екінші бір облысқа қатынау қиын болғанын көрдік, түсіндік. Көптеген мәселелерді облыста шешу керек, облыста қарау керек. Облыста ең қажет деген азық-түліктің 70-і сырттан әкелінеді. Ең қажет деген азық-түлік емес тауарлардың 35-і сырттан алып келінеді. Сондықтан ойлана келе облыстың экономикалық картасын әзірледік. Қазіргі күні шамамен 271 млрд теңге инвестиция алып келетін 265 жобаны дайындадық, - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Әкімнің сөзінше, сүт өнімдерін облыс аймағында да өндіруге болады.
Сүт қажеттілігіне сұраныс пен өндіріс шеңберінде нақты баланс жоқ. Сол сияқты етті де, көкөністі де өзімізде өндіруге болады. Мысалы, пандемия кезінде бізге картоп та қажет болды. Осылайша, әр отбасыға күнделікті өміріне қажеттіліктерді толық өтей алмадық. Көрші Түркістан облысындағы әрістестерімізбен байланыса отырып, көліктерді жіберіп отырдық. Себебі, індет кезінде шекарада бекеттер қойылды. Сондықтан осындай ең қажетті азық-түліктерді қайта өңдеу мүмкіндігі бар, - деді ол.
Сондай-ақ Әбдіқалықова биыл егіс жақсы шыққанын айтты.
Биыл 551 мың тонна күріш жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 мың тоннаға көп, - деді ол.
Әкім облыста салынып жатқан шыны зауыты құрылысына тоқталды.
Шыны зауытының құрылысы 70%-ке бітіп тұр. Қазіргі қалған мәселе тек балқыту ваннасы мен күйдіру пеші. Бұл бойынша мамандармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз өз тарапымыздан айналасындағы инфраструктура жұмысын аяқтауға дайынбыз. Қалған 30% жұмысты мамандар бітіреді, - деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның сөзінше, шыны зауыты арқылы пайда табуға болады.
Елімізге жылына 1 млн долларға шыны сырттан келеді екен. Ал егер өзіміздің зауытты өндіріске енгізетін болсақ, сол 1 млн доллар өзімізде қалады және сыртқа сатсақ, кіріс болады. Сонымен қатар осы шыны зауыты маңайында 8 іліспе зауытын салуды көздеп отырмыз. 3 зауыттың жобасы белгіленіп, кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Оның бірінде шыныдан ыдыстар жасалса, екіншісі айна жасау зауыты, ал үшіншісі құрылыста өте көп пайдаланылатын шыны талшығын өндіретін зауыт. Бұл 3 зауыттың өзі 15-16 млрд теңге инвестицияна тарта алады, - деп айтты Гүлшара Әбдіқалықова сұхбатында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынды болады
Өзгелердің жаңалығы