Биыл 47 адам өз-өзін өлтірген: Ақтөбеде 25 қабатты үйдің балкондары жабылады
Ақтөбеде адамдар секіріп кеткен 25 қабатты үйдің балкондары мен шатырына шығатын есік жабылады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Диапозон» порталына сілтеме жасап.
Жалпы Ақтөбе облысында 2023 жылы 47 тұрғын өз-өзіне қол жұмсаған, суицид жасамақ болған тағы 121 адам дер кезінде құтқарылғаны хабарланды.
Тәулігіне орта есеппен өз-өзіне қол жұмсаудың екі фактісі тіркеледі. Ақтөбеде - 143, Мұғалжар ауданында - 5, Шалқар ауданында - 4, Мәртөк пен Әйтеке би аудандарының әрқайсысында үшеуден суицид жасау әрекеті тіркелді, - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Прокурорлар әкімдікке хат жолдап, онда суицидті азайтуға арналған іс-шараларды бөлісті. Олар 25 қабатты «Ақтөбе Ажары» тұрғын үй балкондарының ашық жерлеріне қоршау орнатуды ұсынып отыр.
Ал пәтер иелерінің кооперативтері, кондоминиумдар және мүлік иелерінің бірлестігі люктерге құлыптар орнату арқылы шатырларға кіруді шектеуі керек. Сондай-ақ мамандардың ведомствоаралық тобын құру ұсынылып отыр. Топ мүшелері суицидтің алдын алу тетігін әзірлеу, халықаралық тәжірибені пайдалану бойынша әрбір жағдайды зерделеуі қажет болады.
Еске салсақ, сәуір айында үш әйел көпқабатты үйлердің терезелерінен секіріп қайтыс болды. Бір жағдай ерекше резонанс тудырды: 56 жастағы ана мен оның 31 жастағы қызы 25 қабатты үйдің жоғарғы қабаттарының бірінен секіріп кеткен. Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бойынша қылмыстық іс әлі де тергеліп жатыр.