Биыл 41 мыңға жуық жұмыс орны құрылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде биыл барлық бағыт бойынша барлығы 40,9 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,3 мыңнан астамы тұрақты болады.
ЖҚЖК жобалары 4 негізгі бағытқа бөлінген:
– халықтың өмір сүру сапасын арттыру;
– ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;
– агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;
– өңірлерде бизнесті дамыту.
ҚР Үкіметі жанындағы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында бірінші бағыт бойынша жобалар санын 136-дан 199-ға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 49 мектеп (барлығы 61 нысан), 9 жатақхана, 11 денсаулық сақтау нысаны, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 70 жоба және 60 басқа да нысандар (әлеуметтік қамсыздандыру, қызмет көрсету объектілері) бар. Жобаларды іске асыру кезінде 18,3 мың жұмыс орнын, оның ішінде 7,9 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда - делінген Еңбек министрлігі таратқан ақпаратта.
Жобаларды іріктеу кезінде негізгі назар тұрақты жұмыс орындарын құруға, 3 ауысымды және апатты мектептердің кейбір мәселелерін шешуге, ауыл тұрғындарының денсаулық сақтауға қолжетімділігін қамтамасыз етуге, суармалы жерлердің алаңын ұлғайтуға аударылды.
Екінші бағыт аясында 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер беру қарастырылған. 22,5 млрд теңге сомасына 5,4 мың жобадан тұратын тізім жасалды, оған ет өнімдерін, сүтті өндіру және қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету салалары және басқа да жобалар кірді. Микрокредит алушылар қосымша 10,6 мың жұмыс орнын ашады.
Үшінші бағыт бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, соңғы қарыз алушы үшін 6% - ға дейінгі мөлшерлемемен 100 млрд теңге сомасына 42 инвестициялық жоба іске асырылатын болады.
Жобалар жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру; пысықталудың жоғары деңгейі; азық-түлік тауарларының импортын қысқарту шарттар бойынша іріктелді.
2,2 мың уақытша және 3,8 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Төртінші бағыт шеңберінде шамамен 6 мың жұмыс орны бизнес субъектілеріне жеңілдікпен кредит беру және қарыз беру, сондай-ақ жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылық емес қолдау көрсету есебінен құрылатын болады.
Қазіргі уақытта ЖҚЖК аясында 67 жобаны іске асыру басталды, онда 3 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына (бұдан әрі – ХЖҚО) жүгіну жолымен ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер ретінде тіркелгендер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктеуді жүзеге асырады және инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді.
ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі.
ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыру кепілдігімен тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді.
ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (83 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.