Биыл 36 млрд теңге инвестиция тарту көзделген – Әбдіқалықова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл 36 млрд теңге инвестиция тарту мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында жазды. 

Жыл басынан бері әлемді әбігерге салған пандемия дүние жүзіндегі барлық мемлекеттің экономикасына кері әсер еткенін білесіздер. Өкінішке қарай, жаһан жұртын қамтыған бұл індеттің салдары өз елімізді де, оның ішінде біздің Сыр өңірін де айналып өткен жоқ. Бүкіл қиындықты сіздермен бірге бастан өткеріп келеміз, - деді Әбдіқалықова. 

Қызылорда облысының әкімі аймақтың экономикасын қолдау мақсатында арнайы жоспар құрылғанын айтты. 

Әрине, біз бұл күрделі кезеңде қамсыз отырған жоқпыз. Аймақтың экономикасын қолдау мақсатында арнайы жоспар құрдық. Елге тиімді жоба ұсынған өңірдегі кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсеттік. Бүкіл елімізде қолға алынып жатқан қарапайым заттар экономикасына да баса назар аударып отырмыз, - дейді ол. 

Әбдіқалықова мұндай қиын сәтте Сыр елінің өз өнімін өндіру мәселесін естен шығармауы керегін айтты.

 Өйткені өңірімізде шыққан өнім арқылы ғана біз бәсекеге қабілетті бола аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, аймақ тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін ашылған жергілікті өндіріс орындары басты тірегіміз болып саналады, - деді ол.  

Гүлшара Әбдіқалықова атағандай, өткен бес ай ішінде облыстағы әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етілген. 

Төтенше жағдай кезеңінде қалыптасқан экономикалық ахуалға байланысты көлік, құрылыс, сауда, инвестиция тарту салаларында аздаған іркіліс болғаны рас. Алайда, өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салалар өсу қарқынын сақтап қалды. Мысалға, "КазАгроМир" ЖШС автоматтандырылған жылыжай кешені жұмысын бастап, орта есеппен күніне 5-6 тонна өнім жинап, қала аумағындағы орналасқан сауда үйлеріне төмен бағамен сатуда. Мұндай кезеңде шағын және орта бизнесті дамыту өте маңызды, - деді ол. 

Әбдіқалықова биыл 36 млрд теңге инвестиция тарту мәселесі қаралып жатқанын айтты.

Біз экономика саласының дамуына ықпал ететін Индустрияландыру картасы жобалары бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Жоспарланған шаралардың бәрі мерзімінде орындалатын болады. Жалпы, биыл 36 млрд теңге инвестиция тарту мәселесі қарастырылуда, - деді ол. 

Сондай-ақ Әбдіқалықова Сыр халқының бірлігі мен төзімділігінің арқасында ауыртпалығы мол осы күндер де артта қалатынына сенім білдірді. 

Осының бәрі өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіз және ниеттестіктеріңіз арқылы жүзеге асты. "Еліміз бұл қиындықтан шыңдап әрі шыңдалып шығады" деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Сыр халқының бірлігі мен төзімділігінің арқасында ауыртпалығы мол осы күндер де артта қалып, жақсылыққа жол ашылады деп сенемін. Ел мұратымен мүдделес болғандарыңыз үшін баршаңызға ризашылық білдіремін, - деді Әбдіқалықова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы