Биыл 32 мыңнан астам адамды ит қауып алған
Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, құтыру – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын вирустық ауру. Адамдардағы құтырма ауруының 99 пайызы иттер арқылы жұғады. Құтыру ауруының құрбандары көбіне 5 жастан 14 жасқа дейінгі балалар. Клиникалық симптомдар сатысында құтыру ауруының өлімі – 100 пайыз.
Фото: автордан
Биыл республика бойынша адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ. Бірақ 2019-2022 жылдар аралығында құтырма ауруынан 6 жағдай тіркелді. Оның ішінде 3 бала ауырған. Құтырма ауруына жануарлардың қауып алғаны себеп болған. Барлық жағдайда науқастар медициналық көмекке симптомдар пайда болғаннан кейін ғана жүгінген. Барлық науқас құтырма ауруынан қайтыс болды, - деді Зауре Ахметова.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары жыл сайын республика бойынша 50 мыңнан астам адам жануарлардың тістеп алғанынан медициналық көмекке жүгінетінін айтты. Оның 99 пайызы профилактикалық вакцинация алады, ал 1 пайызы одан бас тартады.
Фото: автордан
2024 жылы 10 айда медициналық көмекке жүгінген адамдар саны – 44 266. Оның ішінде 32 345 адамды ит қауып алған. Медициналық көмекке жүгінгендер арасында 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 17 078, - деп айтты ол.
Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң жобасы бойынша дөңгелек үстел өткізіп жатыр.