Биыл 309 алғашқы медициналық көмек көрсету нысаны салынады
Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтауы барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлихан Смайылов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды басымдығы екенін атап өтті.
Сіздерді Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірін сақтап, денсаулығын нығайту жолында ақ халатты абзал жандардың еңбегі ұшан-теңіз. Әрдайым бақытты ғұмыр кешіп, қиын да ауыр еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекетіміздің ең маңызды басымдығы. Қажыр-қайратты талап ететін осынау мәртебелі міндет ақ халатты абзал жандардың иығында екені сөзсіз, - деді ол.
Сонымен қатар Премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру басталғанын айтты.
Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекелестікке түсуде. Бүгінде халыққа жоғары технологиялық медицина қызметтері қолжетімді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Ядролық медицина және басқа да көптеген заманауи медицина орталықтары жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру басталды. Оның шеңберінде биыл 309 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы қамтамасыз етіледі. Мемлекет алдағы уақытта да қазақстандық дәрігерлердің еңбегін бағалап, әл-ауқатын жақсарту жолында бар күш-жігерін салады. Ерен еңбектеріңіз үшін мың алғыс! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, болашаққа сенім, абырой және табыс тілеймін!, - деп түйіндеді ол.