Түркістанда биыл 3 миллион көшет егіледі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өңірде ашылған 89 блок бекеттің отызға жуығы қысқарып, 58 блок бекет қалдырылды. Оның 26-сы санитарлық, 32-сі карантинді аймақ пен облыс шекараларында орналасқан. 

Бұл туралы тікелей эфирде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов баяндап берді.

Оның айтуынша, қазіргі кезде Сауран блок бекеті қызу жұмыс істеп жатыр. Бекеттен тек жүк көліктері мен транзиттік көліктер ғана өткізілуде.

Қызылорда облысында коронавирусқа шалдыққан науқастар саны 100-ден асып кетті. Ал көрші облысқа қарасты Жаңақорған аумағындағы ауылдар бүкіл тауарды Түркістаннан алады екен. Сондықтан, ол жақтың әкімшілігі бізге алдын ала көліктердің тізімін жібереді. Сол тізім арқылы жүк көліктері ішке кіреді. Олардың әрбірін полиция қызметкерлері тіркеп, тексеріп отырады. Егер алдаған болса дереу іздестіріледі, - деді Сәкен Амангелдіұлы.  

Түркістан облысында карантин жарияланған жоқ, шектеулер ғана қойылған. Қалада дүкендер сағат кешкі онға дейін, мейрамханалар алтыға дейін, автокөлік, СТО, кіші кәсіпорындар жұмыс істеуде, ешқандай мәселе жоқ.  

Айта кетейік, бүгін ресми түрде ауылшаруашылық кәсіпкерлері үшін дала жұмыстары басталды. Биыл 825 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр екен.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес, картоп, көкөніс, бақша дақылдарына басымдық беріледі. 503 мың гектар жерге жаздық дақылдар егіледі. Қазір оның 160 мың гектарына жаздық дақылдар егіп үлгерген. Егістік мақсатында мақта дақылы 12 мың гектарға қысқартылып, есесіне жылына екі-үш рет өнім алу жобасы жанданып келеді, - деді С.Қалқаманов.

Тағы бір жаңалық, осы жылы Түркістан облысы бойынша 670 мың шаршы метр баспана салынады. Яғни 6000-ға жуық отбасы пәтерлі болмақ. Сонымен қатар, барлық қауіпсіздік шарттары бақылауда тұрғанын атап өтті.  

Әр құрылыс нысанында медицина пункті жұмыс істеп жатыр. Таңертең құрылысшылар келген кезде олардың температурасы тексеріліп, маска, қолғап беріліп, кіргізіледі, - деді әкімнің орынбасары.

Оқырмандармен әдеттегідей кешкілік тікелей эфир барысында Сәкен Қалқаманов ағымдағы жылы Түркістан қаласында 3 миллионнан астам көшет отырғызылатынын айта кетті.  

Былтыр Түркістан қаласында «Жасыл аймақ» мамандандырылған мекемесі ашылған болатын. Яғни көшеттердің барлығы ғылыми сүйемелдеумен егіліп жатыр. Суы жоқ жерге тамшылап суғару әдісі қолданылады. Бұл әдіс климатты өзгертері сөзсіз. Мен осы орайда еріктілерді дұрыс отырғызылмаған, суарылмаған көшет көрсе, қол ұшын беруге шақырамын. Тек бақта ғана емес, қала ішінде қурап қалған көшет көрсеңіз де суарып жүріңіз, - деді С.Амангелдіұлы. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы