Биыл 252 отбасының тұрғын үй мәселесі шешіледі – Жезқазған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Жезқазғанда 20 көп балалы отбасы баспаналы болады. 2020 жылы жалпы 252 отбасының пәтер мәселесі өз шешімін табады. Бұл туралы аймақ әкімі Қайрат Бегімов Аймақтық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте хабарлады.
Жалпы Жезқазған аймағы бойынша 2020 жылы 20,0 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады деп жоспарланған.
"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша өткен жылы 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жеке құрылыс салушылардың есебінен 5 қабатты 30 пәтерлі тұрғын үй тапсырылды. Жалпы ауданы 6,6 мың шаршы метр екі үйдің құрылысы жалғасуда. Осы үйлерде "7-20-25" бағдарламасы бойынша тұрғын үй сату жоспарлануда. Ағымдағы жылы бюджеттік инвестициялар есебінен жалға берілетін бір тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 2 жалға берілетін және 2 несиелік көп қабатты тұрғын үйлер мен оларға инженерлік коммуникациялардың құрылысы басталды, - деп баяндады Қайрат Бегімов.
Сонымен қатар 2019 жылы қаладағы 38 көп балалы отбасы баспаналы болған. Алдағы жылы осындай 20 отбасының қоныс тойын тойлауы жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Қайрат Бегімов апатты үй тұрғындарын көшіру жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өткен. Бүгінде Жезқазғанда 25 апатты үй бар. Олардың 16-сы бұзылатын нысандар тізіміне енгізілген. 9 үй күрделі жөндеуді қажет етеді.
Біз үш жыл ішінде 16 апатты үй тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіру бағдарламасын әзірледік. Екі жыл ішінде біз 13 құрама-қалқан және шлакоблок үйлерін мекендеп жатқан тұрғындарды көшіреміз. Ал 2022 жылы 3 панельді және ірі блокты үйлердің тұрғындары көшіріледі. Бас жоспарға сәйкес ескі тұрғын үйлерді бұзу және жаңасын салу көзделген. Бұл бағытта біз жеке құрылыс салушылармен жұмыс жүргізудеміз. Қалада 2012 жылдан 2020 жылға дейін 216 млн теңгеге 15 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының қайтарымды қаражаты есебінен 4 үйді жөндеуді жоспарлап отырмыз, - деді өз сөзінде қала басшысы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Облыстық сотта тағы 10 фронт-кеңсе ашылады
Өзгелердің жаңалығы