Биыл 2 мың отбасылық ферма құру жоспарда бар – АШМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағытында 2000 отбасылық ферма құрып, сиыр етін өндіруді 10% арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ведомство басшысы Сапархан Омаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында қуаттылығы 140 мың тонна болатын нидерландылық компаниямен ірі инвестициялық жобаны іске асырмақ.
«Өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында, атап айтқанда картопты қайта өңдеу бойынша жылдық қуаттылығы 140 мың тонна болатын Фарм Фритц (Нидерланды) трансұлттық компаниясының қатысуымен ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобаны іске асыруға Алматы облысы әкімдігінің жағдай жасауын сұраймыз. Аталған жұмысты экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға бөлінген қаражат (100 млрд теңге) шеңберінде қазіргі заманғы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру арқылы жалғастыру жоспарлануда», - деді ол.
Сонымен қатар, биыл ведомство 2000 отбасылық ферма құруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Өңдеуші қуаттылықтарды шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша салалық бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады. Мал шаруашылығында ағымдағы жылы етті бағыттағы 2000 отбасылық ферма құру және сиыр етін өндіруді 10% арттыру жоспарлануда», - деп қосты министр.
Бұған дейін министр АӨК-ні дамытудың мемлекеттік бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2021 жылы 2,4 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарланғанын айтқан болатын.